Жамбыл жаңалықтар

«Экология үшін қауіпті»: Жамбыл облысында 160 қоқыс полигоны неге жабылғалы жатыр

Облыс аумағында 3,5 млн тонна тұрмыстық қалдық бар

Жамбыл облысының мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының аға прокуроры Еркін Әлмахановтың сөзінше, жергілікті шенеуніктер экологиялық мәселеге мән бермеген. Яғни, жергілікті жауапты тұлғалар  заң талаптарын бұзып, 163 полигонда қатты тұрмыстық қалдықтарды сұрыптауды ұйымдастырмаған. Сондықтан, облыстық табиғат қорғау прокуратурасы сол 163 полигонды жабуға мәжбүр. Ал, дәл қазір облыс аумағында 3,5 млн тонна тұрмыстық қалдықтар болса, оның ішінде Тараз қаласы бойынша 2,4 млн тонна қоқыс жиналған. Жыл сайын облыс бойынша 60 мың тоннаға жуық қоқыс үйіледі. jambylinfo.kz тілшісі бұл полигондардың жұмысы тоқтаса, экологияның жағдайы не болады және бұл мәселені шешу үшін қандай шаралар қабылданып жатқанын зерттеп көрді. 

Жамбылдағы полигондар һәм стихиялық қоқыс орны

Табиғат қорғау прокуратурасы мәлімдегендей, 158 мемлекеттік және 5 жеке полигонда тарату қорына жыл сайынғы аударымдар үшін екінші деңгейдегі банктерде шот ашу жөнінде шаралар қабылданбаған. Сәйкесінше,  бұл полигондардың қызметін тоқтата тұруға негіз болады. Осы орайда прокуратура полигондардың қызметін тоқтата тұру өңірдің экологиялық қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіруі мүмкін екендігін еске салды.  Жалпы, қалдықтарды жинау, тасымалдау және орналастыру мәселелерінде тиісті бақылаудың болмауына байланысты 2022 және 2023 жылдары ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша 399 стихиялық қоқыс орны табылған.

Жаза арқалаған шенділер

Қоқыс полигонындағы олқы істер бойынша Тараз қаласы және үш аудан әкімдерінің орынбасарлары әкімшілік жауапқа тартылған. Сонымен қатар, халықтың толассыз шағымдарына байланысты Жуалы, Талас, Рысқұлов аудандары мен Тараз қаласында тарифтерді бекіту шаралары тек прокуратура органдарының актілері бойынша қабылданған. Мәселен, Тараз қаласында 2021 жылғы наурызда қалалық мәслихаттың шешімімен қалдықтар айналымы саласындағы тарифтерді бекіту туралы шешімнің күші жойылды. Сондай-ақ, Тараз қаласының әкімдігі 2 жыл бойы қалдықтарды жинау мен тасымалдауды жүзеге асыратын қатысушыларды анықтау бойынша конкурс ұйымдастырылмаған. Облыстың коммуналдық полигондарының қызметіндегі жүйелі заң бұзу фактілерін ескере отырып, Экология департаменті кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту, оның ішінде полигондардың қызметін тоқтата тұру жөнінде бірнеше рет шешім қабылдады.

Экологиялық проблема – зауыттың болмауы

Прокурор Еркін Әлмаханов өңірдің экологиялық проблемаларының бірі тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытының болмауы екендігін айтады. Бұл ретте тиісті инвестициялық жобаны іске қосу жөніндегі шаралар осы уақытқа дейін қабылданбаған. Сонымен қатар,  аймақтың өзекті мәселелерінің бірі - құрылыс қалдықтарын бақылаусыз орналастыру. Прокурордың сөзінше, экологиялық реттеу саласындағы тиімді құралдардың бірі – халық арасында табиғатқа ұқыпты қарау және оның ластануына жол бермеу туралы «Нөлдік төзімділік» қағидатын насихаттау. Табиғатты қорғау прокуратурасы стихиялық полигондарды уақтылы анықтаудың тиімді әдісі ретінде қалдықтардың онлайн-картасын қалыптастыруды ұсынады.

Қалдықтарды бөлек жинау жүйесі дамымаған

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мәлімдеуінше, қазір облыста қоқысты кәдеге жарату үлесі 19 пайызды құрайды. Ал, қалдықтарды бөлек жинау жүйесі дамымағандықтан, жүйесіз жиналады. Сонымен қатар, қалдықтардың түрлері бойынша сұрыптау жүргізілмегендіктен, полигондарда қалдықтардың жинақталған көлемі есепке алынбайды. Сол үшін басқармадағылар жиналған қоқыстың көлемін көз мөлшерімен шығарады.

Тұрмыстық қалдықты қайта өңдеуге жіберу мәселені шеше ала ма?

Қазір тек Байзақ, Жуалы, Меркі, Сарысу, Талас, Т.Рыскулов аудандарының  орталықтарында жиналған қоқыстар еліміздің басқа өңірлеріне қайта өңдеуге жіберіледі. Оның ішінде қалдықтарды жинау, тасымалдау және сұрыптау қызметтерімен айналысатын мекемелер полигондарда сұрыпталған қалдықтар, атап айтқанда, пластик, шыны, қағаз, металл қаптамаларын кәдеге жаратады. Қалдықтарды жинау, тасымалдау қызметтермен айналысатын 32 мекемелер жұмыс істейді. Олар 191 арнайы техникамен қамтылған. Облыста қоқыс өңдеу зауыты жоқ. Бірақ, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу бойынша шағын кәсіпорындар бар. Пластмасса, полиэтилен, электрондық аспаптар, мотор майлары, шыны және қағаз қалдықтарын сұрыптау немесе кәдеге жаратумен 14 мекеме айналысады .

Қоқыс өңдейтін зауыт қашан салынады ?

Облыста тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауыттарының құрылысын жандандыру мақсатында «Жасыл Даму» АҚ алған төлем қаражаты есебінен облыс бойынша жалпы 5,3 млрд теңгеге 14 жоба ұсынылып, 1,8 млрд  теңгеге 5 жоба қолдау тапқан. Сонымен қатар, қосымша жалпы сомасы 856,5 млн теңгеге 5 жоба, оның ішінде қалдықтарды одан әрі қайта өңдеумен сұрыптау желісін салуға 3 жоба және арнайы техника сатып алуға 2 жоба жолданған. Осы жобаларды іске асыру қолданыстағы сұрыптау желілерінің қуатын 2 есеге ұлғайтып, дайын өнімді, қалдықтарды қайта өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.