Ақын Айтмұханбет Исақовтың мерейтойы кең көлемде атап өтілді
Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Айтмұханбет Исақов биыл 60 жасқа толып отыр
Танымал айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы Айтмұханбет Исақовтың 60 жасқа толған мерейтойына орай облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұйымдастыруымен Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы» атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әдеби-сазды кешті белгілі айтыскер, «Алтын домбыраның» үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов жүргізді. Кешті облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқыды. Жамбыл өңірінде талантымен танылған айтыскерлердің арасында Айтмұханбет Исақовтың орны ерекше екенін айтып, иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
Мұнан соң республикалық «Алтын домбыра» айтысының жеңімпазы Рүстем Қайыртай жырдан шашу шашып, көрермендерді ерекше әсерге бөледі. Кеш барысында Аманжол Әлтаев, Мұхамеджан Тазабек, Айнұр Тұрсынбаева сынды айтыскерлердің онлайн құттықтаулары мерейтой иесінің абыройын биіктете түсті. Айтмұханбет Құттыбайұлы жүзге жуық шәкірт тәрбиелеп, отызға жуық ән жазған өнер иесі.
Кеште ақын-композитордың «Аса – асыл әнім» әнін «Үміт» квартеті орындаса, «Сенің бейнең» әнін шәкірті Ғани Мәтебаев жүрекпен жеткізе шырқады. Сонымен қатар «Қаратай ата мектебі» әнін Ғарифолия Лұқманов орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. «Арманым самға» әнін орындаған Ақбота Ержанова, «Ащыбұлақ» әнін шырқаған Гүлмира Байболова да кештің көркін аша түсті.
Сонымен қатар Қордай аудандық қоғамдық кеңесінің төрайымы Баян Қарамолдаева мен Ащыбұлақ ауылынан «Ақ әжелер» ансамблінің жетекшісі Гүлнар Прімқұлова ақ тілектерін арнады. Кеш соңында Айтмұханбет Исақов сөз алып, қолдау көрсеткен облыс әкімдігіне, облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына, барша қонақтарға алғысын білдірді.
Бұл күні Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ақын құрметіне ғылымипрактикалық конференция ұйымдастырылды. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы Асқар Абдуалы құттықтау сөзімен ашып, жас айтыскер Дидар Апбасов арнау жырдан шашу шашты. Жиында филология ғылымдарының кандидаты Меңлібай Әбілов, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев ақынның айтыстағы шумақтарын ғылыми тұрғыдан талдады. Айтыс ақыны Ахметжан Өзбеков ақынның ұстаздық еңбегін жоғары бағалап, Мұхтар Ниязов пен Рүстем Қайыртай, жары Әсел Назаралы жылы лебіздерін білдірді. Конференцияны ғалым Эльмира Пертаева қорытындылап, ақынға шығармашылық табыс пен зор абырой тіледі.