дүйсенбі, 23 желтоқсан, 2024 12:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қол күресінен әлем чемпионы Жамбылда әскери борышын өтеп жүр

Қол күресінен әлем чемпионы Жамбылда әскери борышын өтеп жүр
Фото авторы - Алтынбек Қартабай
Рамиль Ғұсмановтың жасы 20-да

Қол күресінен екі мәрте әлем чемпионы Рамиль Ғұсманов Жамбылдағы ұлттық ұланда отан алдындағы борышын өтеп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Сіз бен біз жұмысқа барып-келіп, үйде тамақтанып, тынығып, саялы орындарда серуендеп жүргенде күн-түн демей қала тыныштығын күзеткен сарбаздарды көргенде «Атаның баласы болмай, адамның баласы бол» деген мақал еріксіз еске түседі. Жауынгерлер – темір тәртіпке бейімделген жандар. Жігіттер ұйқысынан тұра сала жаттығуға кірісіп, шымырлығын арттырады. Таңғы астан кейін жауынгерлер тәрбиелік және нұсқамалық сабақтарға қатысады. Тәрбиелік сабақтарда сарбаздар қызмет барысында қала тұрғындарымен, қаладағы заң бұзушы азаматтармен қандай қарым-қатынаста болуды, сондай-ақ өздерінің құқықтарымен және міндеттерімен танысады. Әскери қызметтің құндылығы мен жауапкершілігін сезіндіре отырып, әрбір жауынгерді отансүйгіштікке баулу сағаттары да осында жүреді.

Біз барған уақытта батальон сарбаздары, келісімшарт бойынша әскери қызметкерлер мен офицерлер арасында волейболдан жарыс өтіп жатты. Анығын айтсақ, сайыстың ашылуы бір күн бұрын өтіп кетіп, ұландықтар ширек финал ойынының көрігін  қыздырып жатты. Нұрсұлтан Қайратұлы сайыстың ұлттық мереке – Республика күніне орай ұйымдастырылғанын жеткізді.

– Бәсекеге барлығы 16 команда қатысып, бақтарын сынауда. Алғашқы күні он тур ойналды. Қазір іріктелген жеңімпаз топтардың арасындағы ширек финал ойынына куә болып тұрсыздар. Ол – әкімшіліктен берілген теледидар. Сондай-ақ сарбаздарды ынталандыру мақсатында кубок, медаль, грамоталар да дайындалған. Айта кетерлігі, финалда суырылып алға шыққан жеңімпаз топ Республика күні мерекесі қарсаңында Алматы қаласында өңірлік қолбасшылықтар арасында өтетін республикалық ойынға қатысады. Жалпы батальонда спорттық іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Жақында ғана шағын футболдан турнир өткен болатын. Сарбаздарды спортқа денешынықтыру даярлығының бастығы Ринат Жетпісбай мен әр ротаға бекітілген нұсқаушылар жаттықтырады.

Бөлімге келген жігіттер әскерге дейін қандай спорт түрімен айналысса, батальонда да жалғастыруға барлық жағдай қарастырылған. Мәселен, жақында ғана Жұмағұл Өсерхан есімді снайпер жігітіміз Қарағанды қаласында өткен республикалық сайыста қоян-қолтық ұрыс спорт түрінен І орын иеленіп қайтты. Жеңімпаз сарбазды бөлім командиріні арнайы марапаттап, 10 күнге үйіне демалысқа жіберді.

Бөлімде спорттық жарыстар ғана емес, әдеби, мәдени іс-шаралар да жиі ұйымдастырып, тәрбиелік жұмыстарға барынша көңіл бөліп отырамыз. Шерхан Мұртаза, Абай Құнанбайұлы, Ыбырай Алтынсарин сынды біртуар қайраткерлердің құрметіне, өлмес мұраларын насихаттау мақсатында салтанатты жиындар, сабақтар жиі өткізіп тұрамыз, – деді Н.Рахымбай.

Кейін анықтап білгеніміздей, спорттық бәсекеде үшінші атқыштар ротасы жеңімпаз атаныпты. Енді аталмыш рота Алматы қаласында өңірлік қолбасшылықтар арасында өтетін республикалық сайысқа қатысып, батальон намысын қорғайтын болады.

Бір айта кетер жайт, қазіргі уақытта батальонда қол күрес спорт түрінен әлем чемпоны Рамиль Ғұсманов әскери борышын өтеуде. Спортпен 11 жасынан бері айналысатын жігіт 2019 жылы небәрі 15 жасында тұңғыш рет әлемдік бәсекеде топ жарып, өзін мойындатқан.

– Алматы облысы, Шонжы ауылынан боламын. Екі дүркін әлем, үш дүркін Қазақстан, екі дүркін Азия чемпонымын. Қазір жасым жиырмада. Әскерге келмес бұрын «Спорт және туризм» академиясында білім алғанмын. Ең алғашқы қатысқан әлем чемпонатым Румынияның Констанца қаласында өткен. Ол кезде жасым 15-те еді. Алпыс келі салмақта қатысып, финалдық бәсекеде грузин спортшысына қарсы шықтым. Келесі әлем чемпонаты бір жылдан соң, яғни 2020 жылы Түркияның Анталья қаласында ұйымдастырылды. Бұл жолы түрік азаматымен күш салыстырып, әлем чемпионы атағын қорғап қалдым. Негізінде әлем чепионатында осал спортшы болмайды. Армения, Грузия, Канада секілді әлемнің түкпір-түкпірінен кіл мықтылар сынға түскен додада елімнің атын шығарғаныма қуаныштымын. Болашағымды спорт саласымен байланыстырып, Қазақстанның көк туын әлемдік ареналарада желбірете беремін, – дейді сарбаз атқыш Рамиль Ділмұратұлы.

Отан алдындағы әскери борышын өтеген сарбаздарға мемлекет тарапынан тегін оқуға білім гранттары қарастырылғаны белгілі. Аталған жеңілдікті Ұлттық ұланның жауынгерлері де ұтымды пайдалануда. Н.Рахымбайдың сөзіне сүйенсек, грант иегерлерін «Әскери міндеттілер 2.0» сандық платформасы анықтайды екен. Бұл сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында жасалған жоба. Бағдарламада сарбаздың әскерге келген күннен бастап қызмет атқару кезіндегі бағасы, әскери дайындығы басты өлшем ретінде бағаланады. Бұдан бөлек әскердегі жауынгерлік дағдылары, түрлі іс-шараға белсенді қатысуы ескеріледі. Жақында ғана платформада грантты жеңіп алған жауынгерлердің есімі белгілі болыпты. Бұл жолы бас-аяғы 53 сарбаз білім грантын ұтып алған. Енді олар әскери міндетін аяқтағаннан кейін, Еуразия Ұлтттық университеті секілді жоғары оқу орындарына қалаған мамандықтарына түсе алады. Ал былтыр 57 сарбаз грант иегері атаныпты.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар