Енді шулықтар "КТ" іздеп сабылмайды
Енді шулықтар "КТ" іздеп сабылмайды
Биыл дүйім жұртты дүрліктірген коронавирус дертінің салдарынан медицина саласына артылар жауапкершіліктің жүгі артып, ақ халаттылардың халық алдындағы жанкешті еңбегі де еселене түсті. Сонымен бірге бұл дерт елдегі жоғары технологиялы медициналық құрал-жабдықтардың жетіспеушілігін анық аңғартып, денсаулық сақтау саласын жетілдіруге барынша ден қою керектігін көрсетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың әлеуметтік жағдайының басты көрсеткіші болып табылатын медициналық қызмет көрсетудің сапасына зор көңіл бөлу керектігін айтып, бұл бағыттағы жұмыстарды ширата түсуді қолға алуды тапсырған болатын. Әсіресе ауыл-аймақтағы медицина саласын заман ағымына сай жабдықтау керектігін ескерткен. Бүгінде аталған жұмыстардың алғашқы нәтижелері байқала бастады. Дәлірек айтар болсақ жуырда 40 мыңға жуық тұрғыны бар Шу қаласындағы ауруханада компьютерлік томография кабинеті ашылып, соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталды. Шу қалалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Нұрбол Жолдасовтың айтуынша, жаңадан әкелінген медициналық құрылғы еліміз бойынша төрт қалада ғана бар екен.
- Компьютерлік томография аппараты біздің ауданға 2015 жылы қойылуы керек болатын. Оған жергілікті бюджеттің шамасы келмегендіктен кейінге шегеріліп келді. Енді міне еліміздегі «Демеу» медициналық орталығы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бұл аппаратты ауруханаға орнатып берді. Құны 412 миллион теңгені құрайтын құрылғының функционалдық мүмкіншіліктері де өте жоғары. Адамның кез келген ағзасын түсіргеннен бөлек, бір мезетте 64 кескіндеме жасауға қауқарлы. Сондай-ақ, компьютерлік томограф көрсетілімінің айқындылығымен және сәуле жүктемесінің аздығымен ерекшеленеді, - дейді Н.Ошанбайұлы.
Аталмыш құрылғының құны тым қымбат болуына байланысты көбінесе үлкен қалаларға ғана орнатылатындығын ескерер болсақ, бұл Шу ауданы үшін елеулі оқиға болып отыр. Оның үстіне аудан тұрғындары компьютерлік томография аппаратының қызметін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында амбулаториялық деңгейде тегін ала алады. Ол үшін жергілікті жердегі емханаға жүгіну қажет. Учаскелік дәрігер аурудың белгісін тапқан жағдайда компьютерлік томографияның қызметіне жолдама береді. Одан бөлек компьютерлік томография апараты да ақылы негізде де жұмыс істейтінін айта кету керек. Шу қалалық ауруханасының бас дәрігерінің стратегиялық даму және ішкі бақылау жөніндегі орынбасары Алуа Жазылбекқызының сөзінше, бұл аппараттың қызметін көршілес ауданның тұрғындары да пайдалана алады екен. Денсаулық сақтау жүйесін жетілдірудің негізгі алғышарттарының бірі – заманауи технологиялармен қамтамасыз етуден көрінеді. Ауыл-аймақтағы емдеу мекемелері дәл осындай соңғы үлгідегі технологиялармен қамтылатын болса, халықты түгелдей сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Алдағы уақытта Шу ауданындағы медициналық мекемелердің технологиялары бұдан да жоғары сапалы құрылғылармен толыға түсеріне сенім мол. Ерғали АСХАТҰЛЫ, Шу ауданы