сенбі, 28 қыркүйек, 2024 23:52

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды

Ербол Қарашөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелерді шешуді тапсырды
Сурет: jambylinfo.kz
Аймақта егіс көлемі 644 мың гектарға жоспарланған

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен жиында аймақтағы көктемгі дала жұмыстарының қортындысы мен саладағы мәселелер айтылды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшеновтың айтуынша, аймақта егіс көлемі 644 мың гектарға жоспарланғанымен, нақты егілген көлем 611 мың гектар аумақты құрап отыр.

«Оның 188,9 мың гектарға жаздық масақты дақылдар, 19,3 мың гектарға көкөніс, 29,3 мың гектарға көпжылдық шөп, 35,2 мың гектарға майлы дақылдар, 10,8 мың гектар алқапқа қант қызылшасы, 4,6 мың гектар бақша дақылдары, 3,2 мың гектар картоп және 11,7 мың гектар алқапқа дәндік жүгері егілді. Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 44 мың тонна тұқым  көлемі толық дайындалып, себілді. Ағымдағы жылы 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарланған. Бүгінгі күнге 42,3 мың тоннасы 169,1 мың гектар алқапқа ендірілді»,– деген басқарма басшысы бұл жоспарды өз деңгейінде орындамай отырған аудандарды да атап өтті.

Мәселен, Жуалы ауданы 2 мың гектар, сол секілді Меркі 2,5 мың гектар, Тұрар Рысқұлов 12,2 мың гектар және Шу ауданы 16,9 мың гектар алқаптарға жоспарланған жұмыстарды орындамай отыр екен. Сол секілді Қайрат Көшенов аудандар тарапынан көктемгі дала жұмыстарына қатысты мәліметтердің дұрыс берілмейтінін, салдарынан салалық министрлік тарапынан келіспеушіліктер орын алатынын алға тартты.

Тыңайтқыштарды ендіру жұмыстарын да Тұрар Рысқұлов ауданы 55 пайыз, Сарысу 49 пайыз, ал Мойынқұм ауданы тек 12-ақ пайыз көрсеткішке қол жеткізген.  

«Көктемгі дала жұмыстарына 7 506 дана ауыл шаруашылығы техникалары қатысты. Оған қажетті бөлінген 10,8 мың тонна дизель отынының 9,2 мың тоннасы өңірге жеткізіліп, 90 пайызы шаруаларға таратылды. Дизель отынын тарату үшін 7 өңірлік таратушы оператор  айқындалып, тарату бағасы 1 литріне 250 теңге мөлшерінде қалыптасты. Көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға бағытталған «Кең дала» бағдарламасы арқылы 114 агроқұрылымнан 1,5 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 95 шаруаға несие қаражаты берілді. Сондай-ақ 2024 жылға өздігінен жүретін 491 дана ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алу жоспарланған, бүгінгі күнге оның 254-і алынып, жаңару көрсеткіші 2,8 пайызды құрады. Ағымдағы жылы өздігінен жүретін техникалардың жаңару көрсеткішін 5,5 пайызға жеткізу көзделуде.  Биылғы жылы қаржы институттарымен жұмыс тиісті деңгейде ұйымдастырылды. Атап айтқанда, есептік кезеңде «КазАгроҚаржы» АҚ арқылы 3 миллиард теңгеге 270 дана ауыл шаруашылығы техникалары алынған. Бүгінде, 810 миллион теңгеге 102 техника мақұлданса, 464,4 миллион  теңге қаражатқа 61 техникаға өтінім түсіп, қаралып жатыр»,– дейді ол.

Қайрат Көшеновтің айтуынша, техникаларды жаңарту бағытында да Шу, Меркі, Талас аудандары төмен көрсеткіш көрсетіп отыр.

Басқарма басшысы өз сөзінде суармалы жерлердің мәселесін де назардан тыс қалдырмады. Аймақта су үнемдеу технологиялары былтыр 40 мың гектар алқапқа енгізілсе, биыл бұл көрсеткішті тағы 7 мың гектарға арттыру жоспарланып отыр.

Ал облыс әкімі белгіленген жоспарға сай жұмыстарға белсенділік танытпай отырған аудан басшыларынан мәселенің себеп-салдарын сұрап, жұмысты жүйелеуді тапсырды.

«Биыл біз статистикалық жағынан түзету жұмыстарын бастадық. Ол бір мәрте жүретін науқан емес. Енді жыл сайын осыны қарап отырамыз. Көзбояушылық болмауы керек. Егістік алқаптарда да, суармалы жерлердің де көлемін нақтылап, көрсеткіштерді дұрыстап қадағалап отырыңыздар. Жауапкершілік Сіздерде болады. Бірде бір гектар егілмеген жерді статистикаға беретін болсаңыздар, жауапқа тартыласыздар. Біз нақты санын шығара отырып экономиканың өсімін көрсетуіміз керек. Болмаған өсімді қоса салуға жол бермейміз»,– деді Ербол Қарашөкеев.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар