Жамбыл жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев дарынды оқушылармен кездесті

The final spritzer

Бұл туралы Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімдеді

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық білім-ғылым бәсекелерінде топ жарған 132 дарынды оқушымен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ербол Қарашөкеев дарынды жастардың ата-аналары мен ұстаздарына шынайы ризашылығын білдіріп, оларға алғыс айтты. Сонымен қатар мектепті аяқтап жатқан 14 мыңнан астам түлекке сәттілік тіледі.

2024–2025 оқу жылында облыс оқушылары халықаралық және республикалық олимпиадалар мен жарыстарда 464 медаль (77-сі халықаралық) жеңіп алды.

Республикалық олимпиада қорытындысы бойынша Жамбыл облысының мектеп оқушылары «Ең үздік олимпиадалық команда» атағын иеленсе, ғылыми жобалар байқауында қатарынан 16 жыл бойы «Ең үздік команда» атағын сақтап келеді.

Өңірдегі 5 білім ұясы «100 үздік мектептің» қатарына кірді. Олардың қатарында Дарынды ер балаларға арналған және Айша бибі атындағы дарынды қыз балаларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернаттары, Тараз қаласындағы №41, Б. Бесбаев атындағы және Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназиялары бар.

Биыл Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш, Шерхан оқуларына 109 оқушы қатысып, оның 76-сы жеңімпаз атанды.

Кездесуде Дарынды ер балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Қанат Нұрғанат пен Меркі ауданындағы М. Жылысбаев атындағы орта мектептің оқушысы Диас Жолшыбек замандастары атынан сөз алып, мемлекет пен облыс басшылығына алғыс білдірді.

Ел намысын қорғап, өңір абыройын асқақтатқан озат оқушыларға облыс әкімінің құттықтау хаты мен қаржылай сертификаты табысталды.

Сондай-ақ өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен оқытуда ерекше жетістікке жеткен 12 ұстаз «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен, облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.

Шара соңында облыс әкімі оқушылармен бірге естелік суретке түсті.