Жамбыл жаңалықтар

Есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырғандарға қатысты жаза бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Президент аталған заңға қол қойды

Мемлекет басшысы 2 қаңтарда «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне есірткі, психотроптық заттардың, сол тектестердің, прекурсорлардың және күшті әсер ететін заттардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Осыған байланысты 2025 жылдың 22 қаңтарында Жамбыл облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты қауіпсіздігі орташа №58 түзеу мекемесінде түсіндіру жұмыстары өткізілді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

 Іс-шараға мекеме бастығы әділет подполковнигі Р.Н. Жапаровтың жетекшілігімен арнайы есеп бөлімінің басшысы әділет аға лейтенанты Ұ.Р. Жашан және сотталғандар арасында тәрбие мен әлеуметтік-психологиялық жұмыс жөніндегі бөлім бастығы әділет майоры Е.Н. Набатов қатысты. Олар сотталған азаматтарға заңнамадағы өзгерістер мен толықтыруларды жан-жақты түсіндіріп, олардың мәні мен маңыздылығын баяндады.

Бұл заң есірткі өндіру мен өткізуді ұйымдастырғандарға қатысты жазаны айтарлықтай қатаңдатады. Мұндай қылмыс жасаған тұлғалар енді мүлкін тәркілей отырып, 15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Сонымен қатар, есірткіні жасырын орналастыру әрекетіне қатысты жазалар жұмсартылды. Алғаш рет қылмыс жасаған және ауырлататын мән-жайлары жоқ тұлғалар үшін мүлкін тәркілеп, 5 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (бұрын бұл мерзім 5 жылдан 10 жылға дейін болатын).

Әкімшілік қызметкерлер сотталғандардың барлық сұрақтарына жауап беріп, заң талаптарын түсінікті тілде жеткізді. Сонымен қатар, бұл қылмыстардың салдары мен жауапкершілігін нақтылай отырып, заңның құқықтық тәртіпті нығайтудағы маңызын атап өтті. Іс-шара есірткі қылмыстарымен күресті күшейту және қылмыстың алдын алу бағытындағы маңызды қадам болды.