жұма, 19 желтоқсан, 2025 4:25

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Есірткісіз болашақ»: Биыл Жамбылда 5 887 гектар аумақты қамтыған есірткі өсімдігі жойылды

«Есірткісіз болашақ»: Биыл Жамбылда 5 887 гектар аумақты қамтыған есірткі өсімдігі жойылды
Фото - ашық дереккөз
Оның көлемі 3 919 тоннаны құрайды

Бүгін баспасөз алаңында баяндама жасаған облыс прокурорының орынбасары Ғалымжан Дәненов өңір бойынша 5 887 гектар аумақты қамтыған есірткі жойылғанын айтты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Жыл басынан бері облыс прокуратурасы «Есірткісіз болашақ» профилактикалық жобасын іске асыруда. Іс-шара аясында жабайы қарасора өсетін нақты учаскелер айқындалып, жалпы көлемі 5 887 гектар аумақта 3 919 тонна есірткі құрамды өсімдіктер жойылған.

- Бұл олардың еліміздің басқа өңірлеріне таралуын едәуір қысқартуға мүмкіндік берді. Есірткі қылмыстар халықтың денсаулығына, қоғамдық имандылыққа және қауіпсіздікке қол сұғатындықтан, жоғары қоғамдық қауіптілікке ие. Сонымен қатар есірткі құралдарының, психотроптық заттардың және олардың аналогтарының заңсыз айналымы ұйымдасқан қылмыстың өсуіне, азаматтарды, оның ішінде жастарды, қылмыстық әрекеттерге тартуға, сондай-ақ ілеспе қылмыстардың жасалуына ықпал етеді, - облыс прокурорының орынбасары.

Ғалымжан Дәненовтың айтуынша, құқық қорғау және арнаулы органдармен бірлесіп қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыстарды анықтау көрсеткіші 10,1 %-ға артқан. Прокуратураның үйлестіруімен 1 фитозертхана және еліміздің басқа өңірлеріне есірткі жеткізу арналарын қамтамасыз еткен 2 наркозертхана анықталған.

- Наркозертханалардың бірінде «куратор» анықталып, ол синтетикалық есірткінің 50-ден астам жасырылған орнының координаттарын хабарлады. Есірткі қылмыстарға қатысы бар 11 қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды, 2 халықаралық және 27 өңірлік есірткі жеткізу арнасы әшкереленді. Есірткілердің дәстүрлі түрін еліміздің басқа өңірлеріне жеткізумен айналысқан 2 ірі қылмыстық топтың жұмысы тоқтатылды. Бақыланатын жеткізу барысында 12 кг. «мефедрон» тәркіленді. Сондай-ақ, Алматы қаласынан Тараз қаласының дәріханалары арқылы өткізу мақсатында тыйым салынған психотроптық зат – «трамадолды» жеткізумен айналысқан 5 адамнан тұратын ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті әшкереленді. Облыс прокуратурасы әзірлеген «NarkoShekteuTaraz» телеграм-ботын пайдалану арқылы 3 865 есірткі сайты бұғатталып, 900 граффити жазбасы жойылды, есірткі құралдарын насихаттау фактілері бойынша 46 қылмыстық іс тіркелді. «Ақшаны қадағалау» қағидаты бойынша келтірілген залалды өтеу, қылмыстық кірістерді анықтау және оларға тыйым салу бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Барлығы 9 700 наркосчет анықталып, оның 4 304-і бұғатталды, - деді облыс прокурорының орынбасары Ғалымжан Дәненов.

Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар