«Форель» балығын өсірген тиімді
«Форель» балығын өсірген тиімді
Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бір саласы – балық шаруашылығы. Өңірде балық өнімдеріне нарықтағы сұраныстың жоғары болуына байланысты Меркі ауданындағы «Ибрагимова» ЖК балық өсіруді қолға алып отыр. Ол үшін өткен жылдың соңында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ға форель өсіру жөніндегі жобасын ұсынған болатын. Өз кезегінде жеке кәсіпкерлік иесі салым ретінде Меркі ауданындағы жер телімін ұсынды. Ал «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы»АҚ тарапынан 20 миллион теңге көлемінде ақша қаражаты талап етілді. Осылайша, жобаның бірінші кезеңінде кәсіпкер сұраған қаражат мақұлданса, екінші кезеңде қосымша тоған салу мен жайластыруға, жем мен шабақтарды сатып алуға және қажетті жабдықтарды қосымша сатып алуға 15 млн.теңге сомасына қосымша қаржыландыру жоспарланған. Сәтті жүзеге асқан жоба аясында маусым айында «Ибрагимова» жеке кәсіпкерлігі 5 мыңнан астам форель балығын тоғанға жіберді. Қазіргі таңда оның жіберген балықтары өсіп жетілу үстінде. Тіпті өсірген балықтарын сатып, пайда да көре бастаған. – Ал «Тараз» ӘКК» АҚ арқылы өзіміздің кәсібімізді ашуға мүмкіндік алдық. Корпорация қаржылай қолдау көрсетті. Нәтижесінде бүгінгі күні балық шаруашылығын дамытып отырмыз. Қазіргі таңда өсірген балықтарымызды Меркі ауданындағы кафе-мейрамханаларға сата бастадық. Біздің өсіріп отырған «форель» балығының келісін 3500 теңгеден саудалап жатырмыз, – «Ибрагимова» ЖК басшысы Азиз Рузиев. Қазір мал ұстағаннан гөрі балық асыраған әлдеқайда тиімді. Ел ішіндегі сұранысы еттен кем түспейтін желбезектіні көбейтудің шығыны да шамалы. Кез-келген өзен арнасы маңынан шаруашылық ашып, кәсіп қыла беруге болады. Гектар-гектар жайылымның да, жаз жайлау мен қыс қыстаудың да керегі жоқ. Ал, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы әр адам жылына 16 келі балық етін жегені жөн дейді, бізде бұл бұл көрсеткіш 4 келіге әрең жетеді. Балық өсірудің пайдасы орасан. Уылдырықтан шашылғанннан кейін балықтар 6-7 ай ішінде сатуға жарамды күйге жетеді. Тек оны өсірудің жолын білсе болғаны. Бірақ, сәбидей мәпелемесең жемісін беруі екітайлай. Сондықтан салмағына қарай қорегін де дұрыс беріп отыру керек.