Халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор
Халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор
Статистика департаментінің басшысы Сырым Мәдиевтің айтуынша, халық санағының дайындық кезеңі 1-30 маусым аралығында өткен. Интервьюерлер тұрғын және тұрғын емес үй-жайлардың мекенжайларын, сондай-ақ онда тұратын халықтың нақты санын анықтау үшін әрбір елді мекен бойынша аралау жүргізген. Алдын ала мәліметтер бойынша, облыс халқының саны 1 120 293 адамды құраған. Дәстүрлі жаппай аралау 1-30 қазан аралығына жоспарланған және онлайн-режимде санақтан өтпеген респонденттер арасында жүрмек. - Бірінші кезең барысында бірқатар өзекті мәселелер анықталды. Жуалы, Қордай, Т.Рысқұлов аудандарының кейбір елді мекендерінде ұялы байланыс сапасын жақсарту бойынша шұғыл шаралар қабылдау қажет, - деді С. Мәдиев. Тараз қаласы және аудан әкімдіктері облыстық полиция департаментімен бірлесіп, интервьюерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сарысу, Талас, Т.Рысқұлов аудандарында кейбір елді мекендердің атаулары әкімшілік-аумақтық объектілер жіктеуіші мен мекен-жай тіркелімі бойынша сәйкес келмейді. Аймақ басшысы аталған үш аудан әкіміне бұл мәселені шешуді тапсырды. - Барлық елді мекендердің тізбесін өзектендіру қажет, оның ішінде қаланың саяжай алқаптарына, шалғай ауылдарға және шекара маңында орналасқан ауылдарға айрықша назар аударған жөн. Алдағы халық санағының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор. Халық санағы барысында алынған деректер әрбір тұрғынды мемлекеттік қолдаумен қамтуға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.