ХТУ ректоры жаңа оқу жылының басымдықтарын таныстырды

Брифинг барысында оқу орнының артықшылықтары мен даму стратегиясы, білім беру бағдарламалары мен әлеуметтік жобалары кеңінен таныстырылды.
2025–2026 оқу жылына талапкерлерді қабылдау науқанына орай Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің ректоры, профессор Махметғали Сарыбеков Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында бұқаралық ақпарат құралдарына арналған баспасөз конференциясын өткізді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Университет ректоры өз сөзінде білім беру саласындағы жаңашылдықтар мен халықаралық тәжірибеге негізделген оқыту үрдісінің маңызын атап өтті. Бүгінде Халықаралық Тараз университеті 53 бакалавриат және 24 магистратура бағдарламасы бойынша мамандар дайындайды. Аталған бағдарламалар еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие және заманауи талаптарға сай жасақталған.
Баспасөз конференциясында журналистер тарапынан үлкен қызығушылық тудырған маңызды мәселелердің бірі – «ХТУ-дың 100 гранты» әлеуметтік жобасы болды. Аталған бастама аясында Жамбыл облысының дарынды, алғыр жастарына ақысыз білім алу мүмкіндігі ұсынылып отыр.