Инклюзияны қолдау кабинетінің игілігі мол
Инклюзияны қолдау кабинетінің игілігі мол
Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев, «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова және облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергенова, ата-аналардың қатысуымен облыс орталығындағы №32 орта мектебіндегі инклюзияны қолдау кабинеті таныстырылды.
Аталған кабинетті былтыр қыркүйекте «Болашақ» корпоративтік қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында облыс әкімдігі білім басқармасымен бірлесіп ашқан болатын. Жалпы бұл қор ел аумағында 2015 жылдан бастап 17 аймақта 41 инклюзияны қолдау кабинетін ашқан. Нәтижесінде аутизм мен басқа да даму ерекшеліктері бар 500-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алған. Ал облыс бойынша ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7911 бала тұрса, оның 108-і аутизм дертіне шалдыққан. Өкінішке қарай ел аумағында бұл көрсеткіш 30 мыңнан асып жығылады. Осы ретте былтыр «Болашақ» қоры өңірге бірінші болып инклюзияны қолдау кабинетіне балаларды қабылдауды жариялағанда 25 өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде жобаға тараздық 10 бала ілінген екен. №32 орта мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде 7-14 жас аралығындағы аутизм және басқа да менталдық бұзушылықтары бар 10 бала қолдау алуда.
Ата-ана Гүлназ Өтеубаеваның айтуынша, ұлы Мирас Сейітбек аталмыш мектепте екінші жыл қатарынан білім алуда. Алғашында ешбір мектеп қабылдамағандықтан бірінші сыныпты жеке меншік білім ошағында аяқтапты. Қазір ұлы инклюзияны қолдау кабинетінде үшінші сыныпты оқып жатыр. Таныстырылым барысында Динара Шайжүнісова мектеп қабырғасындағы инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысын жан-жақты түсіндіріп, оқытушылармен және ата-аналармен пікір алмасты. Оқу жүйесінің тиімділігіне кеңінен тоқталды.
Кәмшат ҚАДЫР