Интернет алаяқтық көбейді: Байзақта қылмыстық ахуал сарапталды
- авторБақытжан Бекболат
- 16 қазан, 2025
- 282
Байзақ ауданында қылмыстық деңгейді төмендету және құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында мемлекеттік органдардың қатысуымен мекемеаралық мәжіліс өтті.
Жиын барысында қадағалау аумақтағы қылмыстық ахуалдың жай-күйі мен құқық бұзушылық профилактикасының тиімділігі қаралды. Сондай-ақ, бұрын сотталған тұлғалармен және кәмелетке толмағандармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижелері талқыланды.

Ағымдағы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ауданда қылмыстың бірқатар түрлері бойынша төмендеу байқалғанымен, кейбір санаттарда өсім тіркелген. Атап айтқанда, алаяқтық 71,1%-ға (38-ден 65-ке), оның ішінде интернет алаяқтығы 158,3%-ға (12-ден 31-ге) артқан. Сондай-ақ, кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстар 66,6%-ға (3-тен 5-ке), ал кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 14,3%-ға (14-тен 16-ға) көбейген. Көшеде жасалған құқық бұзушылықтар да 34,5%-ға (29-дан 39-ға) өскені атап өтілді.

Мәжіліс қорытындысында аудан прокуроры А.Ж. Мүлкеманов уәкілетті органдарды құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы профилактикалық шараларды күшейтуге шақырды. Сондай-ақ, ол құзырлы мекемелердің өзара тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеуінің маңыздылығын атап өтіп, учаскелік полиция инспекторларының өздеріне бекітілген елді мекендерде тұру қажеттігін ерекше айтты.






