Жамбылда су тасқынын алдын алу мақсатында оқу-жаттығу жұмыстары өтті
Тараз қаласында «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті
Төтенше жағдайлар қызметтері су тасқыны кезінде атқарылатын іс-шараларды пысықтап, тактикалық-арнайы жаттығу өткізді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жаттығудың алдын-ала жоспарына сәйкес, Талас өзеніндегі су деңгейінің көтерілуі салдарынан тұрғын үйлерге қауіп төнді. Өзеннің оң жағалауындағы бірнеше үйді су басу қаупі туындап, халықты эвакуациялау қажет болды.
Тұрғындарға дауыс зорайтқыштар арқылы төтенше жағдайдың туралы хабарланды. Эвакуацияланған адамдар №62 орта мектепке уақытша орналастырылып, оларға тамақтану, медициналық және психологиялық көмек көрсетілді.
Оқу-жаттығу жиынының негізгі мақсаты - азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайларды жоюға дайындау. Сондай-ақ халықты және ел аумағын су тасқыны қаупі жағдайында қорғауды ұйымдастыру жөніндегі басқарушылық шешімдерді пысықтау.
Құтқарушылар су басқан аумақта қалып қойған екі балықшы мен «Нива» көлігінің жүргізушісін аман алып шықты. Сондай-ақ, өрт сөндіру бөлімдері, екі өрт сорғы станциясы, АНР-120 көлігі (секундына 120 литр су айдайды) және бес мотопомпа төтенше жағдайды жоюға жұмылдырылды.
Жедел әрекет ету жасағы судың таралуына жол бермеу үшін бөгет пен жол жабынын нығайтты. Полиция қозғалысты шектеп, экскаваторлар көпір маңын тазалады.
Оқу-жаттығуға ТЖД, Ұлттық ұлан, Полиция департаменті, медициналық қызмет, «Қазселденқорғау» және жергілікті атқарушы органдардың қосымша күштері қатысты. Барлығы 121 маман мен 24 техника жұмылдырылды.
Тараз қалалық төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Ербол Амиров оқу-жаттығудың мәні мен маңызын түсіндірді.
Бұл оқу-жаттығу көктемгі су тасқынына дайындық деңгейін көрсетіп, төтенше жағдайлар қызметтері мен ведомстволардың үйлесімді жұмысын тағы бір дәлелдеді.
Бақытжан Бекболат