«Кәмелетке толмағандармен жұмыс»: Таразда полицейлерге арналған семинар-тренинг өтіп жатыр

Іс-шара наурыздың 25-іне дейін жалғасады
Таразда кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторларына арналған семинар-тренинг өтуде,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгін «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалы, полиция департаменті және білім басқармасы жанынан құрылған психологиялық қолдау орталығы бірлесе ұйымдастырған семинар-тренингтің алғашқы үш күндігі аяқталып отыр. Осы уақыт ішінде кәсіби психолог-педагогтардан 35 тәртіп сақшысы эмоционалды қажуының алдын алу және психологиялық саулықты сақтау бойынша сабақ алды. Наурыздың 25-іне дейін жалғасатын семинарға облыстағы 140 полиция қызметкері қатысады деп жоспарлануда. «Сенімен Болашақ» РҚБ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Бағжановтың сөзінше, мұндай шара аймақта алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
Семинарға қатысушылардың бірі - Тараз қаласы полиция басқармасының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінің бастығы Шакизат Юсупова. Ол сабақтарды зор ынтамен игеру арқылы қызмет атқару барысындағы түрлі психологиялық қиындықтардан шығу жолдары, отбасылық құндылықтар жөнінде құнды мәліметтер алғанын айтады.
Жергілікті ювеналды полиция қызметінің аумақтық инспекторларына жалпы үш күн ішінде «Эмоционалды қажу», «Ата-аналармен жұмыс жүргізудің психологиялық аспектілері», «Қолайсыз отбасылармен және қиын жасөспірімдермен жұмыс» тақырыптары аясында тренингтер өткізілді. Бұл сабақтардың ішінде топтық, шығармашылық жұмыстар да қамтылған.