Жамбыл жаңалықтар

"Көне кәсіпті жаңғыртуға қолдау қажет". Кілем тоқитын жігіт көпшілікті таң қалдырып жүр

Жамбыл облысында тұратын 38 жастағы Әлімжан Әлханның туындылары сұранысқа ие

Кілем тоқу көне кәсіп болып көрінуі мүмкін. Алайда оны заман талабына сай лайықтап жандандырған жандар бар. Соның бірі – жамбылдық шебер Әлімжан Әлхан,-деп хабарлады jambylinfo.kz.

Әлімжан Алханның негізгі мамандығы - заңгер. Бірақ 38 жастағы азамат әлеуметтік желіде тафтинг жанрындағы кілемшелерді көріп қатты қызығыпты. Арнайы мамандардан сабақ алып, ерекше кәсіпті қолға алған. Жамбыл ауданы Бектөбе ауылынының тұрғыны  тоқыма машиналарын зерттей келе, бизнес жоспарын құрып, жергілікті билікке ұсынған. Бизнес жобасы қолдау тауып, 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант алған. 

Оның қолынан шыққан шедевр дүниелерді құдды картина дерсің. Көздің жауын алады. Еңбегінің ерекшелігі - тафтинг әдісін қолдануы. Тафтингті кілемнің не екенін көбіміз біле бермейміз. Алайда оның шығу тарихы ХVІІ ғасырда жатыр. Дара емес, бума жіппен тоқығанда суреттегідей әдемі дүние шығады. 

Шебердің сөзінше, кілемдер көлеміне, жұмыстың күрделілігіне қарай әрі кеткенде бір аптада дайын болады. Кілемдердің бағасы көлеміне қарай 20 мың теңдеген басталып, 300 мың теңгеге дейін барады екен.

Жас кәсіпкер бұл істі әрі қарай дөңгелету үшін биліктен де, қоғамнан да қолдау болса деп тілейді. Осы орайда, жергілікті «Мансап» орталығының басшысы Асқар Жанқоразов жаңаша бизнес түрлеріне  «Ауыл аманаты» бойынша 2,5 пайызбен несие алу мүмкіндігі барын алға тартып отыр. 

«Ауыл аманаты» бойынша 2,5 пайызбен несие берілейін деп жатыр. Бұл азаматтың да бизнесін ұсынуға болады. Ол ауыл әкімшілігімен СПК арқылы беріледі. 9 миллионның төңірегі деп айтып жатыр. Бұл несиенің көбі басым бөлігін жаңа бизнес түрлеріне беріледі деп күтіп отырмыз", - дейді Жамбыл аудандық «Мансап» орталығының бөлім басшысы.

Әлімжан бұл бизнесті отбасылық кәсіпке айналдырды. Балалары жіп иірсе, жұбайы кілем шетін көктеуге жәрдемдеседі. Енді отбасы бұл кәсіпті одан ары дамытқысы келеді.

 Садуакас Нұрзифа Керімбай атындағы №12 мектеп -гимназия оқушысы