Жамбыл жаңалықтар

Көпбалалы анаға жаңа үйдің кілті тапсырылды

Көпбалалы анаға жаңа үйдің кілті тапсырылды

Сарыкемер ауылының тұрғыны, бес перзенттің анасы Несібелі  Бердаулетова жаңа үйге ие болып, қоныс тойын тойлады.

Елбасының “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” мақаласы  аясында Жамбыл облысы әкімінің қолдауымен қолға алынған “Асарлатып үй салу” жобасымен ауданымызда салынып жатқан 17 үйдің бүгінгі таңда сегізіншісі пайдалануға берілді.

4 бөлмелі үй бір ай он күннің ішінде Сарыкемер ауылдық округі әкімінің,  кең жүректі жомарт азаматтар мен кәсіпкерлердің, жастардың демеушілігімен бой көтерді.

Тұрғын үйдің  төңірегіне еуроқоршау тұрғызылған. Бөлмелердің төбесіне керме (натяжной потолок) тартылып, қабырғалары түс қағазбен өрнектелсе,  еденіне паркет төселінген. Ауыз су жүйесі, көгілдір отын кіргізіліп, есік алды асфальтталған.

Айтулы шараға қатысқан облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев, аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов,  Сарыкемер ауылының тұрғыны, ардагер Таңатар Есалиев елдің тұтастығы мен  ауызбіршілігін көрсететін жобаның маңызына тоқталып, қайырымды істі қолдаған азаматтарға алғыстарын айтты. Бұдан соң игілікті іске сүбелі үлес қосқан  бір топ азаматтарға аудан әкімі және аудандық мәслихаттың, аудандық партия филиалының және ауылдық округ әкімінің Алғыс хаттары табыс етілді.

 

Нұрбек сүгірбеков,

Байзақ ауданы.