Тараз қаласы еліміздің ең көне қаласы болса да тәуелсіздік жылдары заман талабына сай түрленіп, бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Жыл сайын жаңара түскен шаһардың «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніндегі жаңа нысандар көңіл марқайтып, көпшілікке қуаныш сыйлауы сөзімізге дәлел. Жасыратыны жоқ осы уақытқа дейін алыс-жақын шетелден келетін туристерді былай қойғанда, көрші қалалардан келетін жақындарымызды алып баратын жер таба алмай сабылатын едік. Дегенмен облыстың 80 жылдық мерейтойына орай өңірде бұрын-соңды болмаған түрлі нысандар ел игілігіне беріліп, қала көркін аша түсті. Солардың бірегейі һәм ерекшесі «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінен бой көтерген Арбат. Көз жауын алатын Арбаттың құрылыс жұмыстары биыл да жалғасын тауып, бұрын елеусіз жатқан жаяу жүргіншілерге арналған жолдың бойы көріктендіріліп, шаһар тұрғындарының көз қуанышына айналып келеді. Солардың ішіндегі атап өтерлігі Сыпатай батыр және С.Аққозиев көшелерінің аралығында орналасқан Арбат.
Төле би көшесінің бойынан орын тепкен Арбат көз жауын алатындай-ақ. Мұнда қазір Сыпатай батыр көшесі жағында «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент бой көтерді. Биіктігі 30 метрді құрайтын монументте ұлтымыздың қонақжайлылығын ұлықтап, еліміздегі ұлыс өкілдерінің бір шаңырақ астында бейбіт күн кешіп жатқандығы айшықталған. Оның төрт жағына алдағы уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша баральефтер орналастырылады екен. Сонымен қатар бүгінде негізгі жұмыстары аяқталып қойған Арбаттың Сыпатай батыр жағынан кіре берісіне арка салынып, «Қазақ халқына мың алғыс!» монументінің артына мәдени-көпшілік іс-шараларды өткізуге арналған амфитеатр бой көтерген. Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Алмасбек Бөбеевтің айтуынша, тұрғындардың демалуына арналған аумақта 5 субұрқақ орналастырылған. Айта кетерлігі, бұл субұрқақтар ол маңда бұған дейін болған. Оларға жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, заманауи қалыпқа келтірілген. – Сыпатай батыр мен С.Аққозиев көшесі аралығында орналасқан Арбатқа кіші архитектуралық негізде көше орындықтары мен төбесі жабық бастырмалы орындар орнатылуда. Оның да өз ерекшеліктері бар. Жасыратыны жоқ о баста қатардағы аллеялардың бірі ретінде салу жоспарланғанымен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ерекше архитектуралық ұсыныстарын білдірді. Нақтырақ айтқанда «Қазақ халқына мың алғыс!» монументі аймақ басшысының бастамасымен қолға алынған дүние. Сол секілді субұрқақтардың да дизайны өзгерді. Сонымен қатар түнгі жарықтандырылуына ерекше назар аударылды, – дейді А.Бөбеев.
Сондай-ақ бұл демалыс орнының ерекшелігі оның бойында «Түйте» және «Қапал» каналдарының орналасуында. Оны да жауапты мамандар сәтті пайдаланып, кішігірім жағалауға айналдырған. Алдағы уақытта Сыпатай батыр және С.Аққозиев көшелерінің аралығында орналасқан демалыс орны бүгінде құрылысы қызу жүріп жатқан «MART» сауда ойын-сауық орталығының артындағы Арбатқа жалғаспақ. Жалпы маусым айында басталған мұндағы жұмыс қыркүйек айының аяғына таман толықтай аяқталады. Ондағы құрылысты жүргізуге «Арыстан-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жауапты. Серіктестік мұндағы жұмысқа 80 жұмысшысы мен 10 техникасын жұмылдырған. – Қазіргі таңда демалыс орнының негізгі жұмыстарының барлығы толықтай аяқталды. Ендігі тек субұрқақтарын іске қосу ғана қалды. Оның қондырғыларын Қытайдан алып келеміз. Әлемдік пандемияға байланысты шекара уақытша жабылғандықтан қондырғылар кешігуде. Дегенмен бізге артылған жұмыстың барлығы жоспарға сәйкес уақытында аяқталады, – дейді серіктестіктің атқарушы директоры Сапарғали Әбдіқайымов. Әлбетте жаңа салынып жатқан Арбат сол маңның тұрғындары үшін тамаша тарту болып отыр. Себебі бұл жер серуендеуге таптырмас орын. Сондай-ақ бүлдіршіндердің алаңсыз ойнауына да бар жағдай жасалған. Расында Арбат құрылысы толық аяқтала қоймаса да кешкілік онда адамдардың қарасы көбейетінін байқадық. Оның ішінде тек сол маңның тұрғындары ғана емес, қаланың әр түкпірінен осында келіп тынығатындар да жетерлік.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВjambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Қайран да, қайран Шәмші аға...
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024