Карантинге қырын қарағандарға 17,2 млн. теңге айыппұл салынған
Карантинге қырын қарағандарға 17,2 млн. теңге айыппұл салынған
Жамбыл облысы әкімдігінің әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен тікелей эфир өтті. Онда Ержан Жұматұлы жаңа оқу жылына дайындық барысы және облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы туралы баяндады.
– Өкінішке орай, өңірімізде тұрғындар тарапынан әлі күнге дейін әлеуметтік қашықтықты сақтамау, отбасылық іс-шаралар, тіпті той-думан өткізу фактілер тіркелуде. Сол себепті, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, барлық аудандар мен Тараз қаласында мобильдік топтар күніне 2 рет рейдтік жұмыстарды жүргізуде. Нәтижесінде, орын алған фактілерге сәйкес, 137 құқықбұзушылықтар тіркеліп, 17,2 млн. теңге айыппұл салынды.
Осы ретте, әрбір тұрғын өмір сүрудің жаңа моделн қалыптастыруы тиіс. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска тағу күнделікті қажеттілікке айналу тиіс.
Себебі қанша жерден қаражат бөлініп, ауруханалар соғылып, медициналық аппараттар сатып алынғанымен, бұл індетті баршымыз бірлесе белгіленген тәртіпті сақтай отырып қана жеңеміз.
Бұл ең бірінші тұрғындарымыздың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған шаралар. Әрбір тұрғын бұл індетке асқан жауапкершілікпен қарап, жақындарына жанашыр болуы тиіс, – деді облыс әкімінің орынбасары.