Кітапхана ұжымы қазыналы қарттарды құттықтады
Кітапхана ұжымы қазыналы қарттарды құттықтады
1993 жылы 15 маусымда ҚР Президентінің жарлығы бойынша 1 қазан – Қарттар күні болып бекітілді. Осыған орай, жыл сайын елімізде дәл осы күні аға буын өкілдеріне құрмет көрсету игі дәстүрге айналды. Аталмыш мерекені жамбылдықтар да зор ықыласпен атап өтеді. Соның дәлелі, Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасында «Қарттарым, аман-сау жүрші» атты мерекелік кеш өтті.
Оқырман бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру арқылы атадәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында өткен жиынға «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшелері, 1-топтағы зағип қарияларымыз Лазерхан Абдралиев, Үртәй Сейсенбаева, Нышанкүл Ақпаева мен зейнеткер қарттар қатысты.
Жиынның ашылуында кітапхана қорын өңдеу және жинақтау бөлімінің меңгерушісі Айгүл Оразқұлова «Қазақ соқырлар қоғамының» ардагерлеріне облысымызға сіңірген еңбектері үшін алғыс айтып, сөз сөйледі. Кеш қонақтарын айтулы мерекемен құттықтап, отбасыларына амандық, дендеріне саулық тіледі.
Келесі кезекте «Қазақ соқырлар қоғамының» мүшесі, ардагері кеш қонағы Лазерхан Абдралиев:
– Құрметті, кітапхана оқырмандары! Сіздерді қарттар күні мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. «Қарты бар үй – қазыналы» дейді қазақ. Жылдан жылға аман-есен жетіп, шаңырақтарыңыздың қазынасы, байлығы болып жүре беріңіздер! – деп, осы шараның ұйымдастырушылары Жамбыл облыстық зағип жандарға арналған арнайы кітапхана ұжымының мүшелеріне көрсетілген құрмет үшін ақжарма тілектерін жеткізді.
Кеш барысында кітапхананың тұрақтары оқырмандары, Ануарбек Утелов пен Махмуд Пирманов қариялар кітапхана қызметкерлерімен бірге өз өнерлерін көрсетіп, ән-шашу тарту етті.
Сондай-ақ «Қарттарын қадірлеген ел ардақты» тақырыбында шағын кітап көрмесіне шолу жасалды.
Жиын соңында кітапхана директоры Жанна Тұрарқызы келген қонақтарға алғысын білдіріп, мерекемен тағы да құттықтап өтті. Сондай-ақ зағип оқырмандарға абонементтік қызмет көрсету бөлімінің сектор жетекшісі Нұржахан Керімбаеваның тарапынан ардагерлеріне сыйлықтар тарту етілді.
Гүлзира МҰСА