«Құлан таңы» газетінің 85 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті

Мерейлі датаға орай спорттық жарыс та ұйымдастырылған
Мерейлі датаға орай спорттық жарыс та ұйымдастырылды
Т. Рысқұлов аудандық «Құлан таңы» газетінің 85 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Ұлт руханиятының қалыптасуына елеулі үлес қосып келе жатқан аудандық басылымның мерейлі мерекесі аудан тұрғындары мен қонақтарының басын қосқан тағылымды әрі салтанатты шараға айналды. Аудандық мәдениет үйінде өткен мерейтойлық жиынға облыс әкімінің кеңесшісі Хамит Есаман, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы, “Salyq tartibi” газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай, Жамбыл облыстық «Ғұмыр дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов қатысты. Сонымен қатар ардагер қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар да айтулы күннің куәсі болды.
Салтанатты жиынды аудан әкімінің орынбасары Қайрат Исмайыл ашып, аудандық басылымның тарихи маңызына тоқталып, редакция ұжымына жүрекжарды лебізін білдірді.
Жиын барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хаты оқылып, «AULIEATA-MEDIA» ЖШС директоры мерейтой иелеріне арнайы кәдесый табыс етті. Сөз алған журналистика ардагерлері мен редакторлар – Ғалым Қасабай, Жаңабай Миллионов, Москау Нохрабеков, Сейсен Қожеке, Тұрсынхан Жаманбаевтар тарихи деректер мен басылымның қалыптасу кезеңдері жайында тағылымды естеліктерімен бөлісті.
Мерекелік шара барысында редакция қызметкерлері мен саланың дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар табысталды. Жиын соңы жергілікті өнерпаздардың қатысуымен ұйымдастырылған концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетерлігі, мерейтой аясында «Құлан таңы» газетінің 85 жылдығына арналған спорттық жарыстар да ұйымдастырылды. Аудан орталығында өткен дартс, асық ату және дойбы сынды ұлттық және зияткерлік спорт түрлерінен жарысқа жасөспірімдермен қатар ересектер де белсене қатысты. Бұл жарыстар тек мерекелік шараны әрлеп қана қоймай, салауатты өмір салтын насихаттап, ұлттық дәстүрді ұлықтауға бағытталды.
Осылайша, өңірлік журналистиканың шежіресіне айналған «Құлан таңы» басылымының 85 жылдығы мазмұнды кездесулермен, тарихи тағылыммен және бұқаралық спорт шараларымен есте қалатын айтулы мерекеге айналды.