Жамбыл жаңалықтар

Лебіздер легі

Лебіздер легі

 width=Күләш Ахметова, Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:

Жаңа жыл – Жаңа өмір

– Жаңа жыл – Жаңа өмір. Бұл күн болмыстағы бояудың барлығын үміттен, қуаныштан, махаббаттан алып, айналаға нұр болып шашылады. Осы шашылған нұр әрбіріміздің шаңырағымызға шуақ болып тулайды. Қай-қайсымыз болсақта осы сәттен келесі жаңа жылға дейін жүрегімізге есте қалатындай бір сезімді себелейміз, ол сезім бізді келесі жылға дейін үмітпен жетелеп отырады. Жаңа жыл – жүріп өткен жылға баға беріп, тың қадам жасайтын, рухани серпін беретін, жақсылыққа ұмтылдыратын, жарқын өмірге жол сілтейтін мереке. Облыс тұрғындарының пайымды парасаты мен ынтымағының нәтижесінде өңіріміз оңды істердің ордасына айналып отыр. Жаңа жыл еліміз үшін берекелі болып, барша шаңыраққа қуаныш әкелсін! Халқымыз жаман індеттен аман өтіп, болашағымыз жарқын болғай. Халқымызда «Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан үміт көп» деген даналы сөз бар. Біз қашанда өткенге салауат айтып, болашақтан жақсылық күтетін халықпыз. Жаңа жыл - тың бастамалар мен жоспарлардың кезеңі. Әр адамның арман-тілектерін, сенімін еселеп, болашағына үлкен үміт артатын шақ. Барша халық асыға күтетін осы мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен ынтымақ ұялап, бақ-береке дарысын деп тілеймін. Айдан аман, жылдан есен болып, еліміздің өрісі кеңейіп, табысы таси берсін!


 width=Абдалы Нұралиев, Парламент Сенатының депутаты:

Ырысымыз таси берсін!

– Тышқан жылы егеменді елімізге ғана емес, тұтас әлем халқына қиын соққаны белгілі. Десе де әрбір қиындықтың артында бір жақсылық болатыны белгілі. Сиыр жылы Қазақстанға бақ-береке орнайды деп сенемін. Экономикамыз тұрақтанып, әлеуметтің әлеуеті артады деген үміт басым. Бүгінде Парламентте тұрғындардың тұрмысын түзеу бағытында түрлі заң жобалары қаралып, түзетулер мен толықтырулар енгізілуде. Оның басым көпшілігі ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салаға бағытталған. Одан бөлек Президент Жолдауының аясында экологияға қатысты да заң жобасы талқылануда. Бұйыртса аталған заң жобасы табиғат пен қоршаған ортаны қорғауға тың серпін әкеледі деп сенемін. Коронавирус індетімен Үкімет бүгінде қолдан келгенше күресіп, әлеуметтің әлеуетін арттыруға барын салуда. Осындай қиын кезеңде еліміздің ауызбіршілігін танытып, жұдырықша жұмылып, қиындықты еңсеруіміз керек. Барлық отандастарым мен жамбылдық жерлестерімді Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өткен жыл есіркеп, Жаңа жыл жарылқасын!


 width=Бақтияр Артаев, Афина Олимпиадасының чемпионы:

Кесел келмеске кетсін!

– Коронавирус індеті талай жанның өмірін қиып, мықты азаматтарды ортамыздан алып кетті. Тышқан жылының жанға батқан тұсы – осы. Одан бөлек, экономикаға қиын соғып, дағдарыс қос бүйірден қысып отыр. Әлеуметтің әлеуетін арттыруға билік тарапынан барынша күш салынғанымен тұрғындардың тұрмысы түбегейлі өзгерді. Өндіріс, кәсіпкерлік, сауда-саттық сынды негізгі асыраушы салалар қалай дегенде де кенжеледі. Соның салқынын тұтас ел экономикасы сезініп отыр. Қазір қалыпты күн көрісімізге кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз дегенімен, әлі де болса әлемдік пандемияның шырмауынан шыға алмай отырмыз. Сиыр жылы осы кесел түп-тамырымен жойылса екен деп тілеймін. Келер жыл – молшылық жылы, ақ түйенің қарны жарылып, қазақ үшін берекелі жыл болғай. Төрт түлік көптеп төлдеп, дастарханымыз ағарғанға толсын! Ағайынға амандық, сырқаттанған жандарға Алланың шипасы тисін!