Әлеуметтік пакеттер өз өңірімізде жасақталуы қажет
- авторjambylinfo.kz
- 15 сәуір, 2021
- 315
Аз қамтылған отбасылардың балаларына атаулы әлеуметтік көмекпен қатар, өткен жылдан бері кепілді әлеуметтік пакеттер беріле бастағаны белгілі. Кепілді әлеуметтік пакет – бұл көп балалы және аз қамтылған отбасылар үшін тұрақты көмек іспеттес. Әлеуметтік пакет екі жас ерекшелігіне бөлініп, бағытталған. Ай сайын азық-түлік себеттерінен бөлек, оларға әрбір тоқсанда гигиеналық керек-жарақтар беріледі. Азық-түліктер аз қамтылған отбасыларға жұмыспен қамту бөліміндегі тізім арқылы үлестіріледі.
Алайда соңғы уақытта әлеуметтік желіде кепілдендірілген әлеуметтік пакеттерді алушы көпбалалы аналар аталған пакеттердегі өнімдердің сапасына көңілі толмайтындығын айтып, жиі шағым жазбаларын қалдыратын болды. Сонымен қатар әлеуметтік қызметтерге қатысты да арыздар көбейген. Бұл мәселе аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте қаралды.
«Кепілдендірілген әлеуметтік пакет» тұжырымдамасы бүгінде республика бойынша жүзеге асырылуда. Жамбыл облысында мұндай әлеуметтік пакеттер Шымкент қаласында жасақталып барып, тиісті алушыларға таратылады. Сондықтан сүт өнімдерінің ашып кетуіне және мерзіміне қатысты көңіл толмаушылықтар пайда болады. Облыс әкімі аталған пакетке кіретін жиынтықтың көрші облысқа жасақталатындығын сын тезіне алды. Жергілікті супермаркет иелері кәсіпкерлермен ынтымақтаса жұмыс істеуді тапсырды. Тез бұзылатын тауарларды азық-түлік тізімінен шығарып, орнына басқа заттарды қосу қажеттігін де айтты.
Биыл бір жастан алты жасқа дейінгі 26720 бала осындай әлеуметтік пакеттермен қамтамасыз етілмек. Бұл мақсатта 1,9 миллиард теңге бөлінген.
Жиында жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков 1 сәуірден бастап АӘК алуға өтінімді электронды үкімет сайтында онлайн беруге болатындығын да жеткізді.
Облыс әкімі халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау әрқашан басты басымдық болып қала беретіндігін айтты.
Фарида Базарбаева
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз