«Әлі де салғырттық бар»: қала әкімі жылыту маусымына жауапты тұлғаларды сынады
Жылыту маусымының басталуына екі ай уақыт қалды
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен жылыту маусымына дайындық бойынша штаб отырысы өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Әуелі қала әкімдігі тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ғабит Алтаев шаһардағы жылыту маусымына дайындық барысын баяндады. Оның айтуы бойынша, қазіргі таңда 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындық туралы іс-шаралар жоспары әзірленіп, бекітілген.
Бұдан кейін Тараз қалалық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Малибекова оқу ордаларының жылыту маусымына әзірлігіне тоқталды. Оның сөзінше, шаһардағы 63 мектептің 51-інде жылу беру мекемесінің өкілдерінің қатысуымен гидравликалық сынақтан өткізіліп, актісі алынды. Қалған 12-сі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сонымен қатар, жылыту маусымына дайындық паспорты дайындалып, білім ордаларына 25 тамызға дейін берілмек.
Басқосуды қорытындылаған шаһар басшысы жылыту маусымы жайбасарлықты көтермейтінін қадап айтты.