Жамбыл жаңалықтар

Ұлттық жобалардан «Жайлы мектепке» дейін: өңірдегі жобалық басқарудың нәтижелері

Жамбыл облысында жобалық басқару тәсілдері мен цифрландыру үдерісі соңғы жылдары айтарлықтай ілгерілеп, мемлекеттік сектордың тиімділігін арттыруға нақты үлес қосып келеді.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Жамбыл облысы жобалық басқару және цифрландыру орталығы» КММ-нің басшысы Гүлпара Ташенова мәлімдеді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Оның айтуынша, орталықтың екі негізгі міндеті бар. Біріншісі - облыстың цифрландыру жобаларын үйлестіру және іске асыру болса, екіншісі мемлекеттік секторда жобалық басқару қағидаларын енгізу және дамыту.

Орталық басшысының айтуынша, жобалық басқару тәсілдерін қолдану мемлекеттік сектордағы қызмет көрсету сапасын арттырумен қатар, өңірдегі ұлттық жобаларды тиімді жүзеге асыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар, бұл жүйе мемлекеттік органдар мен мүдделі тараптар арасындағы өзара іс-қимылды үйлестіріп, барлық процестерді цифрлық платформа арқылы ашық қадағалауға мүмкіндік береді.

Гүлпара Алашбайқызы жобалық басқару қағидаларын қолдану арқылы облысымыз мемлекеттік қызмет саласында өз үлгісін көрсетіп отырғанын жеткізді. Бүгінгі таңда облыстың жобалық офисі апта сайын скрам-жиындарын өткізіп, мемлекеттік органдардың жобалық көрсеткіштерін талдап, рейтингін қалыптастырады. Бұл тәжірибе өңірлік деңгейде жобалық басқарудың тиімділігін көрсетіп, басқа облыстарға да үлгі бола алады.

Сөз соңында орталық басшысы жобалық басқару тәсілдерінің өңірдегі мемлекеттік органдар жұмысына оң әсер бергенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл тәсілдер процестердің ашықтығын арттырып, бюрократияны азайтуға, цифрландыруды жеделдетуге және тәуекелдерді басқаруды жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.