«Ұлы дала» шағынауданында тағы бір жайлы мектеп ашылды
- авторМағжан Орынбасар
- 2 сәуір, 2025
- 156

Президент бастамасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 2000 орындық №69 орта мектебінің салтанатты ашылу рәсімі өтті,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Білім нысанының салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін баса айтты. Аймақ басшысы болашақта аталған оқу ошағынан білімді азаматтардың көптеп шығатынына сенім білдірді.
– Президент тапсырмасына сәйкес, еліміздің барлық өңірлерінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Жалпы, биылғы жылы Шөлдала елді мекенінде бір және Қордай ауданында екі «Жайлы мектепті» пайдалануға беру көзделуде. Себебі, жылдан жылға қарыштап дамып келе жатқан заманауи ғылыми жетістіктерге ілесу үшін де сапалы білім керек. Бұл ретте білім беру инфрақұрылымын ресурстық қамтамасыз ету – өңірді дамытудың негізгі бағытының бірі болып қала береді. Биыл облыста 26 білім нысанның құрылысы басталса, жыл соңына дейін 21 нысанды іске қосу жоспарлануда. Ал, 2026 жылы қосымша 6 білім ошағының құрылысы қарқын алмақ, – деген Ербол Шырақпайұлы мектеп ұжымына интерактивті тақтаны сыйға тартты.
Ағарту ошағының құрылысын «Отау-Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Мектеп директорының міндетін атқарушы Гүлнәр Мұратбекқызының айтуынша, аталған білім ордасында оқушылар мен педагогтерге барлық жағдай жасалған. Мұндағы бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен және әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 450 орындық мәжіліс залы мен бас-аяғы 97 оқу кабинеті бар. Бұдан бөлек білім нысанында 4 спортзал мен балалардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуы үшін коворкинг орталықтары қамтылған. Сондай-ақ мұндағы 12 кабинет мұғалімдердің емін-еркін жұмыс істеуіне мол мүмкіндік бермек.
Еске салсақ, өткен жылы өңірімізде үш «Жайлы мектеп» ел игілігіне беріліп, Байзақ ауданы Сарыкемер ауылы мен Тараз қаласындағы Бәйтерек және Ұлы Дала ықшамауданындағы бүлдіршіндер жаңа мектепте білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Ұқсас жаңалықтар
Ауыл шаруашылығының болашағы – білім мен ғылымда
- авторБақытжан Бекболат
- 4 сәуір, 2025