«Ұлы даланың алып жыршысы» деректі фильмі түсіріледі
«Ұлы даланың алып жыршысы» деректі фильмі түсіріледі
Биыл Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен бірге жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, малшылардың маршалы атанған Жазылбек Қуанышбаевтың 125 жылдық мерейтойы қатар келіп отыр. Айтулы даталарды атап өтудің іс-шаралар жоспары облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен өткен жиында қаралды. Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай атқарылған жұмыстар жайлы хабарлама жасап, іске асырылатын іс-шаралар легі туралы баяндады. Басқарма басшысы алдағы уақытта Ж.Жабаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған «Ұлы даланың алып жыршысы» деректі фильмі әзірленетінін, Иран Ғайыптың драмалық шығармасы сахналанатынын, «Жамбылдың салған даңғылы» атты жинақ шығатынын, оған тың дүниелер енетінін атап өтті. Басқарма басшысы Жамбыл облысының Алматы облысындағы және Алматы облысының біздің өңірдегі мәдениет күндерін жоғары деңгейде өткізу мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынып жатқандығына да тоқталды. «Аудан әкімдері де Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын атап өтуге ат салысулары керек. Жамбыл атындағы аудан біздің өңірде бар. Одан бөлек бізде бірнеше ауылдық округ, 83 көше бар екен. Сондықтан бұл мерейтойдан ақын атындағы нысандар да сырт қалмасын»,- деді Бердібек Сапарбаев басқарма басшысына. Бұдан соң Жазылбек Қуанышбаевтың 175 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының орындалу барысы талқыланды. Бұл туралы облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов баяндама жасады. Ол өз сөзінде барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүргізіліп жатқандығын айтты. Сондай-ақ облыстық БАҚ-та арнайы айдарлар ашылып, мақалалар беріліп, сюжеттер тұрақты түрде көрсетіліп келе жатқанын тілге тиек етті. Ж.Қуанышбаевтың мерейтойы аясында туған жері Мойынқұм жерінде де іс-шаралар, спорттық жарыстар өткізілетінін сөз етті. Сондай-ақ, аймақ басшысы Тараз қаласынан Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілетін көше мәселесін де сұрады. Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова тиісті жұмыстар жүргізілгенін, республикалық ономастикалық комиссияның отырысын күтіп отырғанын жеткізді. Жиын барысында облыстық қоғамдық кеңестің төрағасы Әмзебек Жолшыбеков өз ұсыныстарын жеткізді. Одан бөлек аудан әкімдері де мерейтойлық іс-шаралардың лайықты түрде өтуіне ат салысатындықтарын жеткізді.