дүйсенбі, 22 желтоқсан, 2025 22:03

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізілді – мамандар жауабы

МӘМС жүйесіне қандай өзгерістер енгізілді – мамандар жауабы
Фото - ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек пен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры облыс бойынша филиалының директоры Ғайни Аймағанбетованың қатысуымен «Пациенттердің кеңейтілген мүмкіндіктері: МӘМС жүйесінде енгізілген негізгі өзгерістер» тақырыбында кезекті брифинг өтті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Баспасөз конференциясында Қазақстанда медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқаны айтылды. Бұл бастама Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып, ел кезең-кезеңімен сақтандыруға негізделген денсаулық сақтау моделіне көшіп келеді.

Брифингте алғашқы болып сөз алған облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сержан Назарбек медициналық қызметтердің қаржыландыру тетіктеріне енгізілген өзгерістерге кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, соңғы уақытта қоғамда балалар церебральды сал ауруына қатысты қызметтердің Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне ауысуына байланысты түрлі сауалдар туындап отыр.

– Бүгінгі таңда еліміз бірыңғай медициналық көмек пакетін қалыптастыру кезеңінен өтіп жатыр. Бұл – Мемлекет басшысының нақты тапсырмасы. Осыған байланысты кейбір медициналық қызметтердің қаржыландыру көзі өзгертілді. Алайда бұл медициналық көмектің қысқаруы дегенді білдірмейді. Керісінше, пациенттердің құқықтары мен мүмкіндіктері кеңейіп отыр. Балалар церебральды сал ауруына қатысты қызметтер жойылған жоқ, олар бұрынғыдай толық көлемде көрсетіледі. БЦСА-мен ауыратын науқастар емделу, динамикалық бақылау және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті көмекті алады. Әсіресе балаларға қатысты мемлекет өз жауапкершілігін толық сақтайды. 18 жасқа дейінгі барлық балалар автоматты түрде сақтандырылған, ал 18 жастан кейін де азаматтың әлеуметтік мәртебесіне қарай нақты қолдау тетіктері қарастырылған. Сондықтан тұрғындар арасында алаңдауға еш негіз жоқ», – деді Сержан Назарбек.

Оның айтуынша, БЦСА-мен ауыратын балалар үшін сақтандыру мәселесі толық шешілген. 18 жасқа дейінгі балалардың жарнасын мемлекет төлейді. Ал ересек жаста мүгедектік анықталған жағдайда да жарна мемлекет есебінен жүргізіледі. Егер азамат жұмыссыз ретінде тіркелсе, жарнаны жергілікті атқарушы орган төлейді. Студенттер үшін жарна мемлекет тарапынан өтелсе, ресми жұмыс істейтіндерге жұмыс беруші жауапты. Өздігінен жұмыспен айналысатын азаматтар ай сайын 4 250 теңге көлемінде жарна төлейді.

Сонымен қатар брифинг барысында 2026 жылы дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше көңіл бөлінетіні айтылды. Жаңа анықталған пациенттерді қоса алғанда, дәрілік заттардың минималды қорын қалыптастыру үшін 20 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.

Жұмыссыз мәртебесін рәсімдеу тәртібі де түсіндірілді. Азаматтар Халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы немесе enbek.kz электронды порталы арқылы жұмыссыз ретінде алдын ала тіркеле алады. Бұл жағдайда медициналық сақтандыру жарнасын мемлекет төлейді.

Брифингте әлеуметтік осал топтарға қатысты жаңа өзгерістер де сөз болды. 2026 жылдан бастап төмен табысты азаматтардың медициналық сақтандыру жарналары мемлекет есебінен төленетін болады. Бұл норма Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы №267 бұйрығымен бекітілген. Қолдау «D» (дағдарыстық деңгей) және «E» (шұғыл деңгей) санаттарына жататын азаматтарды қамтиды. Бұл азаматтардың жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді. Өзінің қай санатқа жататынын білгісі келетін тұрғындар өңірлік жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына хабарласа алады.

Медициналық көмек алу үшін азаматтар алдымен тіркелген емханасына жүгінуі қажет. Емханаға eGov.kz порталы арқылы онлайн немесе тікелей медициналық ұйымға барып тіркелуге болады. Ал сақтандырылған мәртебені Telegram желісіндегі @SaqtandyryBot арқылы, eGov порталы мен мобильді қосымшасында, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының ресми сайттарында немесе 1414 нөмірлі колл-орталық арқылы тексеруге мүмкіндік бар.

Статистикалық деректерге сәйкес, Жамбыл облысында медициналық ұйымдарға тіркелген халық саны 1 172 409 адамды құрайды. Оның 942 017-сі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған, бұл тіркелген халықтың 80,3 пайызын құрайды. Ал сақтандырылмаған азаматтар саны 230 392 адам немесе 19,7 пайыз.

2025 жылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығындағы мәліметтерге жүргізілген талдау әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша сақтандырылмаған пациенттер санының айтарлықтай төмендегенін көрсетті. Атап айтқанда, қант диабеті бойынша көрсеткіш 1 464 адамнан 990 адамға дейін азайған. Балалар церебральды сал ауруы бойынша бұл көрсеткіш 19-дан 3-ке төмендесе, ревматизммен ауыратындар саны 57-ден 18-ге қысқарған. Ал гепатиттер бойынша сақтандырылмаған пациенттер саны 677-ден 268-ге дейін азайған.

Осылайша, 2025 жылғы 25 қараша мен 10 желтоқсан аралығындағы деректер облыста негізгі нозологиялар бойынша тұрақты оң динамика қалыптасқанын көрсетіп отыр. Аталған кезеңде сақтандырылмаған азаматтар саны 26 227 адамнан 21 895 адамға дейін төмендеп, 4 332 адамға немесе 16,5 пайызға азайған.

Брифинг барысында сөз алған Қор филиалының директоры Ғайни Аймағанбетова МӘМС жүйесіндегі заңнамалық өзгерістерге тоқталды. Оның айтуынша, қабылданған түзетулер медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Енді «D» және «E» санатындағы азаматтар мен ресми жұмыссыздардың жарналарын жергілікті атқарушы органдар төлейді.

Жоғарыда айтылғандай, қазіргі таңда өңірде тіркелген 1,175 миллион тұрғынның 946 мыңнан астамы сақтандырылған. Дегенмен 229 мыңнан аса адамның мәртебесі жоқ. Осыған байланысты Қор филиалы жергілікті билікпен бірлесе отырып, әлеуметтік осал топтарды МӘМС жүйесіне тарту жұмыстарын күшейтіп отыр.

Сонымен қатар уақытша қаржылық қиындыққа тап болған азаматтар үшін сақтандырылған мәртебені сақтау мерзімі үш айдан алты айға дейін ұзартылғаны айтылды. Ал 2026 жылдан бастап онкологиялық скринингтер барлық азаматтар үшін тегін болып, медициналық көмектің бірыңғай базалық пакетіне кезең-кезеңімен көшу басталады.

Бөлісу:
Мағжан Орынбасар
Автор

Мағжан Орынбасар

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар