жұма, 15 қараша, 2024 18:35

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

«Мама» мен «Жамбыл» сөздерін ғана біледі: Таразда өткен өмірін ұмытқан ер адам туыстарын іздейді

«Мама» мен «Жамбыл» сөздерін ғана біледі: Таразда өткен өмірін ұмытқан ер адам туыстарын іздейді
Сурет: jambylinfo.kz
Ер адам үш жылдан бері арнайы мекемеде тұрып жатыр

Осыдан 3 жыл бұрын Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына аты-жөні белгісіз, жасы алпысты алқымдаған ер адамды бір топ кісі ертіп келген екен. Ол кісіні бейтаныс жандар көшеден тауып, сөйлей алмайтынын байқаған соң, орталыққа жеткізген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Орталықтың психологы jambylinfo.kz сайтына хабарласып, аты-жөнін ұмытқан адамның тағдырын жариялап беруге өтініш айтты.

«Өткені белгісіз, аты-жөнін де айта алмайтын кісіні «туған-туыстары іздеп жүрген шығар» деген ниетпен қанша дәрігерге көрсеттік, емдеттік. Алайда туа біткен, әлде аяқ астынан душар болған дерт екенін ешкім дөп басып таба алмады. Бұл орталықта жүргеніне үш болды. Сол жылдардың ішінде біреуді сағынғанын, іздегенін көрмедік. Өйткені бәрін ұмытып қалған сияқты. Осы орталықтағы ең мейірімді, ақкөңіл әрі еңбекқор адам осы кісі. Біреуге ренжімейді және ешкімді ренжітпейді. Бәріне көмектескісі келіп тұратын ақжарқын пейіліне орай жақындары табылса екен деген тілегіміз бар», – дейді осы орталықтың еңбекке баулу нұсқаушысы Назира Бадышова.

Сол сәт біз де қарап қалмасқа бекініп, ойын қозғауға, әлденені есіне түсіруге ықпал етуге тырысып, қалам мен қағаз ұсындық. Ол ақ қағаз бетіне түсініксіз әлденені иректеп жазып берді де «көрдің бе, жаза алмаймын» деген ишара танытып, басын шайқады.

 Оның қолында жазулар көп еді. Сол жазулардың ұшар басында, бас бармағына жақын жазылған «Рая» есімі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сол жазуды нұсқап, «мынау кім?» деп сұрадық.

«Рая. Алыста, Жамбылда» деп деген жауап алдық. «Сіз Жамбылдасыз. Тараз қаласы осы» деп қосарлана айтқанымыздан нәтиже болмады. Түк түсіндіре алмаған күйі тарқастық. Аты-жөні белгісіз жанның лексиконында бар-жоғы екі-үш қана сөз бар. Оның бірі «мама» болса, екіншісі «Жамбыл». Бәкім туыстары бұрынғы Жамбыл қаласынан табылып қалар деген үмітпен, суретін жариялап отырмыз.

 

Құралай Сейсенбекқызы
Автор

Құралай Сейсенбекқызы

jambylinfo.kz сайтының авторы

Ұқсас жаңалықтар