«Мама» мен «Жамбыл» сөздерін ғана біледі: Таразда өткен өмірін ұмытқан ер адам туыстарын іздейді
Ер адам үш жылдан бері арнайы мекемеде тұрып жатыр
Осыдан 3 жыл бұрын Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіру орталығына аты-жөні белгісіз, жасы алпысты алқымдаған ер адамды бір топ кісі ертіп келген екен. Ол кісіні бейтаныс жандар көшеден тауып, сөйлей алмайтынын байқаған соң, орталыққа жеткізген, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Орталықтың психологы jambylinfo.kz сайтына хабарласып, аты-жөнін ұмытқан адамның тағдырын жариялап беруге өтініш айтты.
Сол сәт біз де қарап қалмасқа бекініп, ойын қозғауға, әлденені есіне түсіруге ықпал етуге тырысып, қалам мен қағаз ұсындық. Ол ақ қағаз бетіне түсініксіз әлденені иректеп жазып берді де «көрдің бе, жаза алмаймын» деген ишара танытып, басын шайқады.
Оның қолында жазулар көп еді. Сол жазулардың ұшар басында, бас бармағына жақын жазылған «Рая» есімі тайға таңба басқандай көрініп тұр. Сол жазуды нұсқап, «мынау кім?» деп сұрадық.
«Рая. Алыста, Жамбылда» деп деген жауап алдық. «Сіз Жамбылдасыз. Тараз қаласы осы» деп қосарлана айтқанымыздан нәтиже болмады. Түк түсіндіре алмаған күйі тарқастық. Аты-жөні белгісіз жанның лексиконында бар-жоғы екі-үш қана сөз бар. Оның бірі «мама» болса, екіншісі «Жамбыл». Бәкім туыстары бұрынғы Жамбыл қаласынан табылып қалар деген үмітпен, суретін жариялап отырмыз.