1 желтоқсан – Тұңғыш президент күніне орай Тараз қаласы әкімдігінің Медиа орталығы мекемесі ашылды. Мекеменің салтанатты ашылу рәсіміне шаһар басшысының орынбасары Алмас Садубаев, облыстың зиялы қауым өкілдері мен ардагер журналистер қатысты. Жиында сөз алған қала әкімінің орынбасары Алмас Қадірбекұлы жаңадан ашылған медиа орталық әлеуметтік желідегі ресми парақшаларға қала тұрғындарынан келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, облыс орталығы жайлы медиа ресурстардағы ақпараттардың мазмұнын сараптап, республикалық БАҚ пен интернет ресурстарда әкімдік туралы шыққан ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізетінін мәлім етті.
– Аталған орталық қала әкімі Айтқазы Қарабалаевтың тікелей тапсырмасымен ашылып отыр. Орталықтың басты мақсаты – тұрғындармен кері байланыс орнатып, кез-келген сұрақтарына жауап беру. Сондай-ақ олардың көтерген мәселелерінің шешілуіне ақпал ету. Алдағы уақытта орталық бұл үдеден шығатынына сенімдімін, – деді А.Садубаев. Мұнан соң Болат Жаппарұлы, Асқарбек Сейілхан, Ғалым Қасабайұлы және Қуаныш Ембердиев сынды өңір баспасөзінде соны із қалдырып, ақпарат айдынынды сара жолы бар ардагер журналистер сөз алып, медиа орталықтың жұмысына сәттілік тіледі. Өз кезегінде орталықтың лентасын ардагер журналист Амангелді Нұрпейісов пен ақын, журналист Ғайни Әлімбекқызы қиды. Салтанатты шарадан соң жиналған көпшілік медиа орталықтың ғимаратымен танысты. Айта кетерлігі, орталық сонымен қатар алдағы уақытта қала әкімдігінің имиджін көтеруге бағытталған роликтер мен инфографикалар, баннерлер әзірлейтін болады. Бастысы, тұрғындармен әкімдік арасындағы алтын көпірге айнала түспек.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз