Мектеп – әр бала өз қауіпсіздігін сезінетін орта болуы тиіс
- авторМағжан Орынбасар
- Бүгін, 18:13
- 36
Соңғы екі жылда өскелең ұрпақтың құқығын қорғау үшін нақты шаралар қабылданды. Атап айтқанда, кәмелет жасына толмағандарға қатысты жасалған кез келген зорлық-зомбылық үшін берілетін жаза қатайды, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіреті кеңейді.
Сондай-ақ тағы бір өзекті мәселе. Балалардың өз-өзіне қол жұмсау жағдайларының, яғни суицидтің алдын алу бойынша жүйелі жұмыс істеліп жатыр. Еліміздегі барлық мектепте «111» психологиялық қолдау қызметінің QR-коды орнатылды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бұл бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков ахуалды баяндап, өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, өңірдегі 337 мемлекеттік, 284 жекеменшік, жалпы 621 мектепке дейінгі ұйымда 61 942 бала тәрбиеленуде.
– Биыл 1 032 орынға арналған 7 жекеменшік балабақша ашылып, 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту деңгейі 98,8 пайызға жетті Мектепке дейінгі ұйымдарда 6 545 педагог қызмет атқарады, оның 3 888-і бейінді мамандық иелері. Тараз қаласы мен Байзақ ауданындағы 250 балабақшада 30 739 бала ваучерлік қаржыландырумен қамтылды. Қалған 9 аудандағы 234 мемлекеттік, 137 жекеменшік, барлығы 371 ұйым 31 203 бала үшін ваучерлік қаржыландыруды жергілікті органдар арқылы жүзеге асыруда. Ваучерлік жүйе Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 23 қыркүйектегі №225 бұйрығымен бекітілген жаңа нормативтік акт негізінде жүргізілуде. Осыған сәйкес аудандық білім бөлімдеріне «Тапсырма шарты» беріліп, барлық балабақшалар «INDIGO24.kz» жүйесіне қосылуда. 2024-2025 оқу жылының бірінші тоқсанында облыстағы 447 мектепте 226 668 оқушы білім алуда. Ауыл мен қала арасындағы білім сапасын теңестіру үшін «Ауыл мектебі сапа алаңы» жобасы жалғасуда. Бұл ретте 29 тірек мектепке 145 шағын жинақты мектеп бекітіліп, онлайн сабақтар ұйымдастырылған. «Қазақстан халқына» қоры есебінен 10 мектеп заманауи құралдармен жабдықталды. Биыл «Jelken foundation» қорымен бірлесіп «Ауыл мектебі: тең мүмкіндік – Жамбыл облысы» жобасы іске қосылады. Ол 80 ауыл мектебін қамтып, педагогтердің біліктілігін арттыру және зертханалық кабинеттер орнатуды көздейді. Сонымен қатар 182 мектепке 389,8 миллион теңгеге аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылады. Конкурс нәтижесінде «Новые технологии-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен 337,5 миллион теңгеге келісім жасалды. Сол секілді 5-11-сыныптардағы әлеуметтік осал санаттағы оқушыларға 94 422 ваучер құрылған, оның 88 623-і белсендірілген. Қазір 107 мектеп бойынша 151 395 транзакция жасалды, 75 мектепте процесс жалғасуда, – деген Нұрбек Әбубекұлы білім саласында құқықбұзушылық пен аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу өзекті болып отырғанын жеткізді.
Айтуынша, облыста 93 мобильдік және 48 жұмыс тобы 77 мыңнан астам оқушыны қамтыған профилактикалық шаралар жүргізуде. Сауалнама нәтижесінде 56 бейресми лидер анықталып, құқық қорғау органдарына жолданыпты. Сондай-ақ 3 475 бала «тәуекел» тобына алынған. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, өңірімізде 1 786 бала сенімхатпен, 3 003 бала өгей ата-анамен тұрады екен. Одан бөлек 6 бала құжатсыз екені анықталған. Бұл деректер білім ұйымдарында балалардың қауіпсіздігі мен психологиялық ахуалын күшейтуді қажет ететінін көрсетеді.






