Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін барынша пайдалану қажет
Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін барынша пайдалану қажет
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жергілікті жерлердегі қоғамдық-саяси ахуал туралы аудан әкімдерінің есебін тыңдауды жалғастыруда. Кезекті көшпелі кездесуде Байзақ және Мойынқұм аудандарының әкімдері Нұржан Нұржігітов пен Мәден Мұсаев есеп берді.
Есепті жиынға облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров, ҰҚК облыстық департаментінің бастығы Марат Ирменов, облыстық полиция департаментінің бастығы Жанат Сүлейменов және құқық қорғау органдары аудандық бөлімшелерінің басшылары қатысты. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың атына Мойынқұм ауданы тұрғындарынан көптеген өтініш түскен. Өтініш иелері елді мекендерді ауызсумен жабдықтау және газдандыру мәселесінде бірқатар кедергілерге кезігіп жатқанын сөз еткен. Сондай-ақ тұрғындар суармалы жерлердің көлемін ұлғайтумен, жұмыссыздық жағдайына назар аударуды сұрауда. Мойынқұм ауданының әкімі Мәден Мұсаев бұл мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті. Ағымдағы жылы ауданда жалпы сомасы 1,7 миллиард теңгеге 54 жоба жүзеге асырылып жатыр. – Ауданның әкімшілік орталығынының өзінде ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі 100 жүз пайыз шешімін таппаған. Басталған істі аяғына дейін жеткізу керек. Ауылдарды сумен және көгілдір отынмен мүмкіндігінше тезірек және толық қамтамасыз етудің түрлі жолдарын зерделеңіздер, – деп тапсырды Бердібек Сапарбаев. Ауыл шаруашылығы саласына қатысты сұрақтарға жауап берген Мәден Мұсаев суармалы жер көлемін жыл сайын 1000 гектарға ұлғайтып отыру жоспарға алынғанын жеткізді. Мойынқұм өңірінде «Еңбек» бағдарламасы аясында гранттар мен шағын несиелер беру бойынша жұмыстар жолға қойылған. Енді жастар тәжірибесіне қатысты көрсеткіштерді жақсарту қажет. Ал Байзақ ауданында «Еңбек» бағдарламасы бойынша жұмыспен қамту көрсеткіші облыстық орташа көрсеткіштен төмен деңгейде қалыптасқан. – Ауыл тұрғындары «Еңбек» бағдарламасы жеке кәсіп бастауға мол мүмкіндік беретінін түсінуі керек. Ал біздің міндетіміз – оларға осы маңызды ақпаратты жеткізу. Гранттар мен шағын несиелер беру жұмыссыздық мәселесін ғана шешіп қоймай, сонымен қатар жаппай кәсіпкерлікті дамытуға да септігін тигізеді, – деді облыс әкімі. Кәсіпкерлікті қолдау жайлы айта келе, аймақ басшысы аудан әкімдеріне мердігерлердің тек отандық өндірістің тауарларын пайдалануын да қадағалауды қатаң ескертті. Байзақ өңірінде биыл жалпы құны 12,9 миллиард теңгені құрайтын 173 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. – Аудандар арасында жобалардың көп бөлігін Байзақта іске асыру көзделген. Жұмыспен қамтудың жол картасы мен аймақтарды дамыту бағдарламасына қыруар қаражат бөлінді. Ал мердігерлердің кестеден кешікпеуін аудан әкімі тікелей өзі бақылауы керек, – деді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері де қаралды. Мойынқұм ауданында осы жылдың 7 айындағы мәліметтер бойынша қылмыс деңгейі 32,6, Байзақ ауданында 15,3 пайызға төмендеген. – Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Қазақстан халқына арналған Жолдауында учаскелік полиция инспекторларының мәртебесін заңнамалық тұрғыдан көтеруді тапсырды. Учаскелік инспектор негізі тұрғындар жақсы танитын, іздегенде табылатын, беделі бар, сөзі өтімді және халықтың құқықтарын барынша қорғай алатын адам болуы керек. Олардың есірткі қылмысы мен мал ұрлығымен күресетін нақты жоспары болуы тиіс. Өзге органдардың өкілдерімен бірге дәстүрлі емес діни ағымдардың өкілдерін оңалтуға үлес қосуы керек, – деп атап өтті Бердібек Сапарбаев. Мойынқұм және Байзақ аудандарының әкімдеріне дәстүрлі түрде оқитын мектеп оқушыларының қатарын арттырып, әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексеруді, ауруханалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек қорын дайындап, жансақтау бөлімдерін өкпені жасанды тыныстандыру қондырғыларымен қамтамасыз етуді тапсырды. – Мемлекеттік бағдарламалар аясында Байзақ пен Мойынқұм аудандары жақсы қолдау көріп келеді. Сондықтан қос ауданда айтарлықтай күрделі проблемалар болмауы керек. Әкімдердің тұрғындармен етене жақын араласып, олардың айта алмай жүрген мұң-мұқтажына барынша үңіліп, құлақ түруді үйренетін уақыт келді, – деді Бердібек Сапарбаев. Бердібек Машбекұлы жоғарыда айтылған мәселелер алдағы уақытта тағы да қаралатынын ескертті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі