бейсенбі, 26 желтоқсан, 2024 17:42

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында олқылық көп

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында олқылық көп
ашық дереккөзі
Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуында олқылық көп
Облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың қатысуымен кеңес отырысы өтті. Жиында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасын іске асыру, «Еңбек» бағдарламасының орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру, әлеуметтік төлемдер мәселесі, әлеуметтік саладағы басқармалардың 8 айлық қаржысының игерілуі және әлеуметтік сала нысандарының жылыту маусымына дайындығы талқыланды. Кеңес отырысын ашқан Ержан Жұматұлы алдымен күн тәртібіндегі мәселелердің маңыздылығына тоқталды. – «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасының орындалуы ҚР Президенті Әкімшілігінің жеке бақылауында. Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Кеңесбайұлының төрағалық етуімен аталған бағдарламаның елімізде орындалу барысы қаралды. Өкінішке қарай, облыста жұмысқа орналастыру бойынша біршама кемшіліктер орын алған. Жалпы, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде 831 жобаға 61,2 миллиард теңге бөлінді. Жылдың аяқталуына бірнеше ай ғана уақыт қалды. Арқаны кеңге салып жүруге болмайды. Жоспар бойынша жұмыстар жүйелі түрде жүргізілу керек, – деді Ержан Жұматұлы. Аталған мәселе бойынша облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков баяндама жасады. Жорабек Нұрмергенұлының айтуынша, облыс бойынша бағдарлама аясында 15 894 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінгі күні жұмыс берушілер тарапынан 18 179 жаңа жұмыс орны құрылған. Жалпы жаңа жұмыс орнын құру бойынша Тараз қаласы мен Жуалы ауданынан басқа аудандар жоспарды артығымен орындаған. Ал Жуалы ауданында – 22, Тараз қаласында 1 792 жұмыс орны ашылмаған. – Жұмыс орындарының құрылмауының себебі неде? Тараз қаласы мен Жуалы ауданы үнемі көштің соңында. Осыған дейін бірнеше мәрте баяндадыңыз. Осылай айтылып қала бере ме? Неге сын-ескертпеден нәтиже шығармайсыздар? Себеп-салдарын анықтау керек емес пе? Бүгін маған Тараз қаласы мен Жуалы ауданы әкімі орынбасарларының жауапкершілігі туралы хат жазыңыз. Бір емес, бірнеше мәрте қайталанды. Мерзім береміз. Бір аптаның ішінде іске қосылмаған жобаларды қосып, жұмыс орындары 100 пайыз құрылуы керек, – деген Ержан Жұматұлы Ж.Баубековке сын-ескертпелерін айтып, кемшілік жіберген жауаптыларға кеңшілік болмайтынын қатаң ескертті. Жорабек Нұрмергенұлы мұнан өзге де бағдарламаның жүзеге асырылуы барысында кеткен кемшіліктерді жіпке тізіп, жеке-жеке тоқталды. Басқарма басшысының айтуынша, прокуратура органдарының мәліметінше облыста бағдарлама аясында 281 кемшілік анықталған. Атап өтер болсақ, 43 кемшілік әртүрлі себептермен, 204-і жалған жұмысқа орналастыру және 34-і мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзу фактілері бойынша орын алған. – Осы аталған кемшіліктердің салдарынан республика бойынша ең төменгі сатыда тұрмыз. Түрлі заңбұзушылықтар орын алған. Әсіресе Тараз қаласы және өзге де аудандар прокуратура анықтаған кемшіліктер бойынша тиісті жұмыстар жүргізу керек. Талдап, зерттеп, зерделеңіздер. Болмаса тікелей жауапкершіліктеріңізді қарайтын боламыз. Бәрі ұмытылып, өтіп кетеді деп ойлмаңыздар. Жылдың соңында аудан әкімдері әрбір жоба бойынша есеп береді. Түсінбесеңіздер тағы да қайталап айтайын, бағдарлама ҚР Президенті Әкімшілігінің тікелей бақылауында, – деді Е. Жылқыбаев. Сонымен қатар бағдарлама аясында жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары жайлы мәліметті базаға енгізуі баяу жүргізіліп жатыр екен. 2020 жылдың жоспары 5664 вакансия болса, бүгінгі күні 3872 вакансия, яғни, 68,4 пайызы ғана толтырылған. Ал «Еңбек» бағдарламасының 2-ші бағыты аясында қайтарымсыз грант алушылардың уақытылы салық органдарында тіркелуі немесе бірыңғай жиынтық төлемдерінің төленуін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар Тараз қаласы, Жамбыл, Жуалы, Меркі және Қордай аудандарында тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сонымен қатар, «Еңбек» бағдарламасынының 2-ші бағыты аясында берілетін шағын несие беру жұмыстары облыс бойынша ауылдарда 63,4 пайызға ғана орындалған. Облыстық көрсеткіштен Сарысу, Мойынқұм, Меркі, Талас аудандары төмен болып отыр. Тараз қаласында бүгінгі күнге 477 адам қайтарымсыз грант алған. Алайда, грант алған азаматтардың 177-сі салық органдарына тіркелмеген немесе бірыңғай жиынтық төлем төлемеген. Жұмыс орындарының интеграциялық картаға енгізілу жұмыстары бірқатар облыстық басқармалар тарапынан өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Ал қысқа мерзімді оқыту курсын бітіргендердің тек 44,5 пайызы ғана жұмысқа орналасқан. – Қашанғы осылай жұмыс істейміз? Егер азаматтар жұмысқа орналаспайтын болса, не үшін қыруар ақша бөліп оқытамыз. Оқып, сертификатын алғаннан кейін тұрақты жұмысқа орналасуына жағдай жасалу керек. Тараз қаласында 53 тұрғын қысқа мерзімді оқыту курсынан өтсе, үшеуі ғана жұмысқа орналасқан. Міне сіздердің жұмыстың нәтижесі. Қадаға жоқ, – деген Ержан Жұматұлы Тараз қаласы мен аудан әкімдерінің орынбасарларымен тікелей байланысқа шықты. Өкінішке қарай ешбірі мандыртып жауап бере алмады. Әйтеуір олқылықтарды тез арада жойып, айтылған кемшіліктер бойынша жұмыс жүргізілетінін айтты. Ал Е.Жылқыбаев көтерілген мәселелер тікелей өзінің бақылауында болатынын, егер алдағы уақытта тағы да қайталанатын болса жауапкершілікке тартылатынын айтты. Келесі кезекте әлеуметтік саладағы басқармалардың 8 айлық қаржысының игерілуі бойынша облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Роза Исаева баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне сүйенсек, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне облыс бойынша бюджет қаражаты 98,8 пайызға игерілген. Ал облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы бойынша ағымдағы жылдың 8 ай қорытындысы бойынша жоспардағы 7 миллиард 905,7 миллион теңгенің 96 пайызы игеріліп, 316,9 миллион теңгесі игерілмей қалған. Сол секілді облыс әкімдігі білім басқармасы бойынша ағымдағы жылдың қаңтар-тамыз айларында 46,7 миллион теңге игерілмей қалған. Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бойынша 22,8 миллион теңге игерілмей тұр. Аты аталған басқарма басшылары тоғыз айдың қорытындысы бойынша қаржы толықтай игерілетіндерін айтты. Мұнан кейін баяндама жасаған облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанәділ Айтбеков әлеуметтік нысандардың қысқа дайындығын баян етті. – Облыс бойынша 783 білім нысанының 754-і дайын (96,3 пайыз). Дегенмен ағымдағы және күрделі жөндеуден өтіп жатқан 29 нысан жылыту маусымына дайын емес. Денсаулық сақтау нысандары бойынша 389 денсаулық сақтау нысанының 372-сі дайын (95,6 пайыз). 17 нысан жылыту маусымына дайын емес. Мәдениет нысандары бойынша облыстағы 494 мәдениет нысандарының 493-і дайын (99,7 пайыз), Тараз қаласындағы 1 нысан – Ш.Уәлиханов кітапханасының ағымдағы жөндеу жұмыстары бүнгі күнге дейін жүргізіліп жатыр. Аяқталу мерзімі 25 тамызда болатын, – деді Жанәділ Нұрғалиұлы. Жиынды қорытындылаған Ержан Жылқыбаев берілген тапсырмаларды көрсетілген мерзімде толық аяқтауды тапсырды. – Жұмысты ширату керек. Тоғыз ай қорытындыланатын күн де жақындады. Жиындағы талқыланған әрбір мәселе өз шешімін табу керек. Мемлекеттік бағдарлама мүлтіксіз орындалып, бюджет қаржысы толықтай игеріліп, қысқа сақадай-сай отыруымыз керек. Бүгін жіберген кейбір кемшіліктеріңіз ертең өздеріңізге таяқ болып тиюі мүмкін. Соны ұмытпаңыздар. Кез келген нәрсенің сұрауы болады, – деді Е.Жұматұлы. Талғат Нұрханов
Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар