Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген мәселелер тиімді шешілуде
Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында көптеген мәселелер тиімді шешілуде
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясындағы жобаларды іске асыру мәселелері талқыланды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Сандуғаш Әбдіралиеваның айтуынша, ағымдағы жылғы 30 қазандағы жағдай бойынша облыста МЖӘ аясында 10,9 миллиард теңгеге 70 жоба іске асырылған. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі жүргізген талдау нәтижесінде 54 жоба бойынша ескертулер берілген. 17 жоба бойынша кемшіліктер жойылды. Облыс әкімі денсаулық сақтау, энергетика және ТКШ басқармаларына ескертулерді жою бойынша жұмыс жүргізуді тапсырды. С.Әбдіралиеваның айтуынша, тағы 18 жоба қаралуда. Әсіресе, мемлекеттік-жекешелік әріптестік бағыты білім беру саласында белсенді дамуда, бұл салада бүгінде 14 жоба қолға алынған. 13 жоба мектеп асханаларын жаңғырту және оларды сенімгерлік басқаруға беру, одан бөлек 1 мектептің құрылысы жоспарлануда. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласында айтарлықтай белсенді іске асуда. Жеке серіктестер Құмшағал, Шөлдала, Көлтоған, Қарасу тұрғын үй алаптарын электр қуатымен қамтамасыз ету үшін қосалқы станция салуға және Тараз көшелерін жарықпен қамтамасыз ету мәселесін шешуге ниетті. Кәсіпкерлер Тараз қаласында жедел медициналық жәрдем станциясын салуды да ұсынып отыр. Ал, соңғы жоба облыс орталығында жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.