Мердігерлерге соңғы мүмкіндік беріледі, - Б. Сапарбаев
Мердігерлерге соңғы мүмкіндік беріледі, - Б. Сапарбаев
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен бір ай бұрын өткен кеңесте ЕҚҚДБ жобалары бойынша жауаптыларға су нысандарындағы жөндеу-құрылыс жұмыстарын тезірек аяқтау тапсырылған болатын. Облыс әкімі мен тиісті министрліктің хаттамалық тапсырмаларының уақытылы орындалмауына байланысты бұл мәселелер әлі күнге күн тәртібінен түспей отыр.
Мердігер ұйым өкілдерінің қатысуымен өткен кезекті жиында облыс әкімі су жүйелеріндегі жұмыс барысын бақылау шараларының әлсіздігін атап өтіп, «Қазсушар» облыстық филиалыны мен салалық басқармаларды сынға алды.
- Бір ай бұрын ҚР экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов, «Қазсушар» РМК бас директоры Алтай Елжасовтың қатысуымен кеңейтілген кеңес өткен еді. Сол басқосудағы талқылау қорытындысы бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жауапты тұлғалар мен мердігер ұйымдарға нақты тапсырмалар беріліп, жоспар-кестесі бекітілген. Мен өзім аудандарды аралап, жұмыс барысын тексердім. Жұмыс нәтижесі ойдағыдай емес. Бірде-бір хаттамалық тапсырма орындалмаған. Құрылыс компаниялары тиісті мерзімдерді сақтамай отыр. Ал вегетациялық кезең басталуға таяу. Аудандарда шаруалар егіс науқанына кірісіп кетті. Олар суармалы суға алаңдап отыр, біз оларға не деп жауап береміз? - деді аймақ басшысы.
Аудандарда су каналдарын, дренаждық жүйелер мен құрылыстарды қайта жаңғырту бойынша 34 жоба іске асырылуда. Еуропа қайта құру және даму банкімен бөлінген қаражат 32 пайызға ғана игерілді.
Облыс әкімі ұзын-сонар есептік баяндамаларға уақыт жоғалтпай, бірден талдауға көшу керектігін ескертті.
- Қанша уақыт босқа кетті. Соңғы екі айда ешқандай ілгерілеушілік байқалмайды. Біз мердігерлердің уәделеріне тойдық, бәрі бос сөз. Әр аумаққа жауапты адам тағайындап, құрылысшылар санын көбейту тапсырылған. Облыстық «Казсушар» филиалының басшылығы нақты шаралар қолданбай отыр. Аудан әкімдерінің халықпен есеп беру кездесуіне филиал басшысы қатысып, кемшіліктер үшін халық алдында жауап беруі тиіс, - деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев жобалаушы «КазЮжГипроВодстройПроект» ЖШС тарапынан айтарлықтай кемшіліктерге жол берілгенін атап өтті.
- Неліктен «Қазсушар» филиалы бірден бірнеше жобаны бір ғана жобалаушыға сеніп тапсырады? Неліктен жұмыс барысын бақыламайды? Айталық, Райс каналынан жоба бойынша екі текше метр су өтеді деп белгіленген, ал шын мәнінде ол жерден орта есеппен 3,5 текше метр су өту керек. Мен каналдарды аралағанда олар барлық жұмыстар 15 наурызда аяқталады деп уәде берді. Санаулы күндер қалды, ондағы жұмыстар әлі аяқталмайтыны анық. Басқа жобалардағы көрініс те осындай. Осы уақытқа дейін әлі бірде-бір канал реттелген жоқ, – деп сынға алды облыс әкімі.
Аймақ басшысы әр жобаны әрбір жауапты мердігермен жеке талқылап, міндеттемелерді тез арада орындауды тапсырды. Бердібек Сапарбаев өткен жылдағыдай мәселені айналма арналар арқылы шешу мүмкін еместігін баса айтты.
- Жұмыс істейміз, тырысамыз, орындаймыз... Бәрінің айтатыны осындай құрғақ уәделер. Сөзден нақты іске көшетін кез келді. Тұрғындарға нақты нәтиже керек. Біз шаруаларға уәде бердік және өз уәдемізді орындауға тиіспіз, - деп талап етті аймақ басшысы.