Мереке күндері санитарлық талаптар барынша сақталуы тиіс
Мереке күндері санитарлық талаптар барынша сақталуы тиіс
Соңғы мәліметтер бойынша Жамбыл облысында коронавирустың жалпы 21 375 жағдайы тіркелген. Өткен аптада анықталған науқастар саны 10-нан асқан жоқ. Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте айтылды. Аймақ басшысы эпидемиологиялық ахуалдың тұрақты екенін жеткізіп, дегенмен бір сәтке де босаңсуға болмайтынын, санитарлық талаптардың қатаң сақталуын назарда ұстау керектігін баса айтты.
Жиында ауыл шаруашылығына инвестиция тарту, су үнемдейтін жаңа технологияларды енгізу, арық-тоғандарды тазалау, құдықтар қазу, балық шаруашылығын дамыту бойынша мәселелер сараланып, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.
Аймақ басшысы облыс орталығындағы аудан күндерінің сәтті өткенін айтып, оған атсалысқандарға ризашылығын жеткізді. Енді мереке күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін, әр аудан өнерпаздарының қатысуымен қорытынды концерт, «Өнер барысы» секілді шараларды сапалы ұйымдастыруды тапсырды.