Меркі ауданында аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен «21 ғасырдағы бала тәрбиесі формуласы» тақырыбында ауқымды ата-аналар форумы өтті. Тағылымды шараға аудан әкімі Ербол Жиенқұлов, аудандық прокуратура өкілдері, облыстан арнайы келген білім саласының мамандары, қоғам қайраткерлері, ата-аналар мен ұстаздар қатысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Форум басталар алдында оқушылар қонақтарға арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеде заманауи технологиялар көмегімен жасалған шығармашылық бұйымдар, сондай-ақ жасанды интеллект арқылы дайындалған жобалар таныстырылып, көпшіліктің қызығушылығын тудырды.
Форумның ашылу салтанатында аудан әкімі Ербол Жиенқұлов сөз сөйлеп, бүгінгі бала тәрбиесіндегі өзекті мәселелерге тоқталды. Сонымен қатар, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы кеңінен баяндады.
Аудандық прокуратура өкілдері «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жыл бойы оқушылармен бірлесіп жүргізілген профилактикалық жұмыстарға тоқталып, құқықтық сауаттылықтың маңызын атап өтті.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық университеттің профессоры Жолдасова Орынқыз балалардың дәуірге сай қалыптасуы, мінез-құлқының өзгеруі, өмір сүру салты мен құндылықтарының трансформациясы туралы мазмұнды баяндама жасады.
Ал Жамбыл облысы отбасын қолдау орталығының басшысы Эльмира Мырзағали қоғамдағы бес негізгі кеселге тоқталып өтті. Атап айтқанда, бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөлі, қатыгездікке жол бермеу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, нашақорлық, оқушылардың лудоманияға әуестігі мен вандализм мәселелері жан-жақты талқыланды.
Сонымен қатар, психолог мамандар балалардың мінез-құлқындағы өзгерістер мен жасөспірімдер психологиясының ерекшеліктері жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Форум соңында қатысушылар арасында сұрақ-жауап алаңы ұйымдастырылып, көкейдегі сауалдарға нақты жауаптар берілді. Шараны аудан әкімі Ербол Жиенқұлов қорытындылап, бала тәрбиесі – қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.






