Меркіде аудандар арасында алғашқы иппотерапия бөлімі ашылды
- авторjambylinfo.kz
- 3 желтоқсан, 2021
- 312
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығында аудандар арасында алғашқы иппотерапия бөлімі ашылды. Мұнда қазіргі таңда 25 мүмкіндігі шектеулі бала сапалы білім, саналы тәрбиемен қатар тиісті емін алып отыр.
Аталған орталық 2018 жылы ашылған болатын. Орталықта енді ауыл балалары да атқа мініп ем қабылдайтын болды.
- Облысымызды бүгінгі күні 45 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтарымыз бар. Оның ішінде 6300-і балалар. Облыс әкімінің өңіріміздегі әр ауданда мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған бейімдеу және оңалту орталықтары болуы керек деген тапсырмасына сәйкес бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осындай орталықтардың игі жұмысының арқасында биыл облыс бойынша 17 бала ортамектепке баруға мүмкіндік алды. Мұның өзі де түпкі нәтижеге қол жеткізіп жатқанымыздың бір көрінісі деп айтуға болады.
Бұл бағыттағы жұмыстардың тағы бір нәтижелі көрінісі ретінде Меркі аудандық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеуорталығында қазіргі жаңа қолданыстағы тәсілдің бірі иппотерапия бөлімішесі ашылып отырғандығын айтуға болады. Осылайша орталық өз жұмыс ауқымын, саласын кеңейтуде,-дейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубеков.
Жалпы аумағы 1406,0 шаршы метрді құрайтын орталықта қазіргі таңда 25 бала тәрбиеленуде. Оларға 30 маман қызмет көрсетеді.
Салтанатты сәтте Nur Otan партиясы Меркі аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлайым Шағатаева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қамбар Иманалиев, ата-аналар сөз сөйлеп, алғыстарын жеткізді.
- Ұлым осы орталықта тәрбиеленіп отыр. Осындағы ата-аналардың қай-қайсысы да баламыз ауырмасын деп жүрген жандармыз. Орталық қызметкерлері балаларымыздың азамат болып қалыптасуына барынша атсалысып келеді. Енді міне ауданымызда алғаш рет иппотерапия бөлімшесі ашылып, қуанышымызды еселеп тастады. Оған қолдау білдірген, біздің балаларымыз секілді мүмкіндігі шектеулі перзенттерін тәрбиелеп отырған барлық ата-аналардың атынан әрдайым қамқорлық танытып жүретін Елбасымызға, Мемлекет басшысына, облыс әкіміне үлкен алғыс айтамыз. Балаларымыз орталыққа келгелі бері қимыл қозғалысы өзгеріп, жақсы нәтижеге жетіп келеді. Иппотерапия балаларымызға ем болсын. Атқа мінген балаларымыз аттай шауып кетсін,-дейді ауыл тұрғыны Дамира Бекзакова.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз