Нақты айтылған ұсыныстарды әкімдік қолдауға дайын – Серік Сәлемов

XII Өңірлік Азаматтық форумы еліміздің түкпір-түкпірінен келген азаматтық сектор саласындағы тәжірибелі мамандардың басын қосты.
Форумның екінші күні Азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру бойынша ұсынымдар әзірлеуге арналған Конференциядан басталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Шараны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрағасы Исламбек Дастанұлы жүргізіп отырды.
Осыдан алты жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі” атты Қазақстан халқына Жолдауы негізінде Қазақстан Республикасында азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасы бекітілген болатын.
Аталған жиында осы маңызды құжаттың 2026-2030 жылдарға арналған кезеңін жүзеге асыру бойынша ұстанымдар кеңінен талқыланды.
Конференцияны облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов ашып, аталған шараның маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
Сонымен қатар, шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова арнайы қатысты. Мұнымен қатар Қазақстанның Азаматтық Альянсының Президенті Бану Нұрғазиева, PhD, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Қайыржан Әбдіхалықов жиында сөз алып, аталған құжаттың мән-маңызын елеп-екшеп, көпшілікпен талқы жүргізді. Конференция әрі қарай өзара пікір алмасуға ұласты.