Жамбыл жаңалықтар

«Нашар экология және қолқаны алған иіс»: Биыл Жамбылда кәріз суын тазалайтын кешен салына ма?

The final spritzer

Тараз қаласының кәріз жүйесі 1962 жылы іске қосылған

Тараз - еліміздегі кәріз суы тазартылмайтын жалғыз облыс орталығы. Қалада кәріз жүйесімен қамту деңгейі 44 пайызды құрайды. Шайынды судың сүзу алаңы Жамбыл ауданының аумағында орналасқан. Күнделікті шығатын 80 мың м3 қалдық су 200 гектардан асатын тұндырма алаңына төгіліп, жерге сіңу, булану арқылы тазарады. Мәселе осы тұста туындайды. Қаланың түрлі мекемесі мен тұрғын үйлерінен шыққан сарқынды су өңделмегендіктен экологияға едәуір зиян келтіріп, маңайдағы ауыл тұрғындарының мазасын қашырды. Мәселе талай жылдан бер көтеріліп, айтылып келеді. Бірақ, нақты шешім қабылданбады. Жамбылда кәріз суын тазалайтын кешен қашан салынады? Мүңкіген иіс кетіп, экологиялық ахуал қашан түзеледі? Осы тақырып аясында Jambylinfo.kz тілшісі ізденіп, жауапты мамандардың пікірін білді. 
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫ НЕ ДЕЙДІ?
Қостөбе ауылының тұрғыны Ербол Сәдібеков кәріз суынан көресіні көрдік деп отыр. Айтуынша, қоршалмаған сарқынды су алаңдарынан су ішкен мал түрлі ауруға ұшырайды. Одан бөлек, улы су еккен егіннің берекесін кетіретін кезі де болады екен. Шайынды су жерге сіңгендіктен, құдықтан су ішу де күмән тудырады. 

БИЫЛ КӘРІЗ СУЫН ТАЗАРТАТЫН КЕШЕННІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ БАСТАЛАДЫ
Мәселе әне-міне шешіледі дегелі бірнеше жыл өтті. Бірақ, нақты натиже жоқ. Осы сұрақтың жауабын қала әкімінің орынбасарынан сұрадық. Нұрсұлтан Исабековтың сөзінше, қалдық суды тазартатын кешен құрылысы биыл басталады. Проблеманың бұған дейін шешілмеуін ол қаржының болмауынан деп түсіндірді. Ендігі құны 46,5 млрд теңге болатын жобаны іске асыру үшін Жамбыл ауданының қақпасы мен мал базарының аралығынан 42 га жер телімі бөлінген. 

Ал, жоба әкімшісі Анар Молдақұлова кешен салынса, ауыл тұрғындарының мәселесі түбегейлі шешілетінін айтты. Ғимарат күнделікті қаладан шыққан қалдық суды тазартады. Бұдан кейін техникалық су Аса арнасы арқылы шаруаларға беріледі. Осылайша тұндырма алаңдары құрғатылып, жағымсыз иіс те болмайды. 

Бүгінгі күні сарқынды су айдындарына кезекпен су жіберілуде. Мұндай амал жасамаса, тұндырма алаңдары тасып кетуі мүмкін. «Жамбыл су» МКК бөлім басшысы Төлеубек Шәкірәлиев ескі алқаптардың су сіңіру қабілеті төмендегенін айтады. Алдағы уақытта қаладан келетін кәріз суының көлемі көбейсе, қауіп деңгейі жоғарылайды.