«Неге қадағаламайсыңдар?». Мәжіліс депутаты мектеп құрылысын кестесіз жүргізіп жатқан мердігердің жұмысын сынға алды
Тараздағы білім ошағына жапсарлас ғимарат салуға 2,6 млрд теңге бөлінген
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров Тараз қаласындағы №15 мектепке жапсарлас салынып жатқан құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Бүгінде 781 оқушы білім алатын №15 мектепке ғимарат тарлық етіп келген. Енді міне, биыл облыстық бюджеттен 2,6 млрд теңге бөлініп, 300 орындық ғимарат салынып жатыр. Келісім-шартқа сай, құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталуы тиіс. Өңірге арнайы іс сапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұқаш Ескендіров құрылыс басына арнайы келіп, атқарылып жатқан жұмыстарды көрді. Мамыр айында басталған шаруа кенжелеп келеді. Осыны ескерген депутат жұмыс кестесімен таныспақ болып еді. Мердігерде ондай дүние жоқ екен. «Ерекше» құрылысшылар осылайша мәжілісменді таңдай қақтырды. Мұқаш Ескендіров құрылыс басқармасынан қадағалау жағы ақсап тұрғанын айтты.
Сонымен қатар, депутат 300 орындық ғимарат үшін бөлінген қаражаттың көп екенін атап өтті.