сенбі, 23 қараша, 2024 4:20

Jambylinfo.kz - Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз.

Байланыс

Қоңыртөбелік отбасы баспаналы болды

Қоңыртөбелік отбасы баспаналы болды
ашық дереккөзі
Қоңыртөбелік отбасы баспаналы болды

Асар - өте ертеден келе жатқан халқымыздың озық әдет-ғұрпы, көпшіліктің көмегін пайдалану дәстүрі. Яғни, халқымыздың көпшіліктің қатысуымен бірлесе, білек сыбана атқаратын жұмысы. Асарлату ата салтымыз адамдарды ынтымақ-бірлікке, ұйымшылдыққа бауырмалдыққа тәриелеп, еңбекке баулыған. Бірлесе отырып, бір-біріне қол ұшын созған. Асар – бірліктің көрінісі. Осы ретте, жамбылдықтардың бекем бірлігі мен ауызбіршілігінің көрінісі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасын іске асырылып жатқан «Асар» жобасында көрініс табуда. Өңір басшысының жобасы аясында ата дәстүріміз қайта жаңғырып, көмекке мұқтаж, көпбалалы отбасылар баспаналы болуда.

Ауданымызда бұл уақытқа дейін бес жанұяға баспана тарту етіліп, кілті табысталған болатын. Мұндай игі дәстүр жалғасын тауып, 1 қазан - «Қарттар күні» мерекесінде Жетітөбе ауылдық округі Қоңыртөбе ауылының тұрғыны, жалғызбасты әке Асан Абдрасилов та баспаналы болды. Мереке мерекеге ұласып, ауылда қуанышты жағдай орын алуда.

Жетітөбе ауылдық округі Рәтбек Көсембаевтың айтуынша, Асан Қолғанатұлы жалғызбасты әке, екі перзенті бар екен. Отбасылық жағдайын есеріп, жергілікті қауымдастықтың жиналысында бірауыздан шешім қабылданған. Осы жанұяның үйі таңдалып, қаражат жиналған. Игілікті іске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлесе отырып ауыл ақсақалдары, тұрғындары, жергілікті кәсіпкерлер және «Арай-Строй Маркет» ЖШС атсалысқан. Әрқайсысы өзіндік үлес қосып, үй тұрғындардың асарлатып соғуымен біткен. Жалпы үй құрылысына 1,5 млн-ға жуық қаржы жұмсалған. Жұмыс бір айға жуық уақытта жүргізілген. Алдағы уақытта ауыл жастары Абдрасиловтар жанұясының үйіне жиһаздарын алып беруді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қоңыртөбе ауылындағы Ириана Чукенованың үйі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілген.

Жақсыны көрмекке. Ауыл ағайындарының ауызбіршілігінің, жаны жомарт жандардың қайырымдылығының арқасында біткен баспана мерекені күні салтанатты түрде табыс етілді. Жиынға аудан әкімі Нарбай Ергебеков, аудан әкімінің орынбасары Ернұр Қалмұрзаев және ауылдық округтің ардақты ардагерлері, тұрғындары қатысты. Үйдің алды қызылды-жасылды шармен безендіріліп, ауыл адамдарының жүзінен қуаныш лебі еседі.

«Игі іс жасасаң, қайырымың өзің көресің» деген екен дана халық. Бұл да бір еліміздің дамып, қарқындауының нышаны шығар. Қайырымды істер халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа – жан риза» демекші, игі істің басында аудан әкімі Нарбай Ергебеков болып, құттықтау сөз алды.

- Қадірменді тұрғындар! Бүгін күздің шайма шуақ күнінде жақсы істің басында басқосып отырмыз. Ең алғаш осындағы ардақты ардагерлерімізді, яғни, аға буын ағаларымыз, ақжаулықты аналарымызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ ғұмыр жасауға Алла нәсіп етсін.

Ата-бабамыздан келе жатқан бірлік пен өзара көмек дәстүрі халқымыздың ең бір ізгі істердің бірі. Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен «Асар» жобасы іске асырылуда. Соның бірі бүгін Қоңыртөбе ауылындағы Асан Қолғанатұлына үй пайдалануға берілмекші. Жалпы аудандағы 14 ауылдық округте мұндай істер жалғасын табуда. Бұл уақытта дейін өзге де елді мекендерде баспана сыйланған жайы бар. Осындай бастаманы қоңыртөбеліктер жалғап, алтыншы жанұяға үй тарту етті.

Қытайдың ойшылы, ғұламасы Конфуций «Өмір – өзен. Онда жүзем демеңіз, ізгіліктен жасалмаса ісіңіз» дейді. Сондықтан да бүгінгі қайырымды, ізгілікті іс қай заманда болсын болған. Ауыл ағайындарының белосенді азаматтарының ерікті жастардың күшімен пайдалануға берілуде. Барлығына алғысымыз шексіз, - деп А.Абдрасиловтар жанұясына игі тілегін жеткізді.

Сонымен қатар, жиында жетітөбе ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев сөз алып, осы отбасы баспаналы болуына жетекшілік етіп, қолдау көрсетіп отырған ел ағаларына алғысын білдірді.

Басқосуда үйдің лентасын аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы мен ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Рақымжан Сатаев қиды.

Ақ жаулықты аналар шашу шашып, жақсылық істі көруге ағайын асықты. Ауылда білектің күшімен, бірлік пен ынтымақтың арқасында тағы бір отбасы баспаналы болды. ата-баба дәстүрі қайта жаңғырған мұндай игі іс пен қайырымдылық көп болғай.

 

Айгүл Аманқұл,

Жуалы ауданы.

Бөлісу:
jambylinfo.kz
Автор

jambylinfo.kz

Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз

Ұқсас жаңалықтар