Жамбыл жаңалықтар
Облыс әкімі «Армиялық халықаралық ойындардың» ашылуына қатысты
- авторjambylinfo.kz
- 26 тамыз, 2021
- 191
Облыс әкімі «Армиялық халықаралық ойындардың» ашылуына қатысты
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев Қордай ауданына барып, алдымен Гвардейск қалашығындағы Биологиялық қауіпсіздік проблемаларын ғылыми-зерттеу институты қызметкерлеріне арналған көпқабатты тұрғын үйлердің және спорттық-сауықтыру кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мұндағы бірінші үйдің құрылысын Мұрат Мырзаханұлы басқаратын «БазисДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. 60 пәтерлі тұрғын үй құрылысына 880 миллион теңге қаржы қарастырылған. Облыс әкімі әр пәтерді аралап, жай-күйіне қанықты. Салынып жатқан үш көпқабатты тұрғын үйде барлығы 180 отбасы қоныстанатын болады. Құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.
Облыс әкімі «Агроспецстрой» ЖШС жүргізіп жатқан қалған екі үйдің де құрылысын ширата түсуді тапсырды. Мердігер өкілі бұл үйлердің құрылыс жұмыстары 25 қыркүйекке дейін аяқталатынын жеткізді. Сондай-ақ, «БазисДорСтрой» ЖШС іргедегі спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын да жүргізуде. Бердібек Сапарбаев кешендегі 100 орынға жоспарланған мәжіліс және бірнеше спорт түріне арналған әмбебап залдармен танысып, бірқатар ұсыныстарын білдірді.
Мұнан соң Бердібек Сапарбаев биофармацевтикалық зауытты аралап, бірінші кезең бойынша аяқталған жұмыстармен танысып, штаб отырысын өткізді. Оған Биологиялық қауіпсіздік мәселелері институтының директоры Күнсұлу Закария, мердігерлер «Ка-Строй ЛТД» ЖШС директоры Серік Кисенбаев қатысып, атқарылған жұмыстарды баяндады. Президенттің тапсырмасына сәйкес дайындалған Жол картасындағы тапсырмаларды мерзімінде орындау туралы ескертпелер айтылды.
Айта кетейік, зауыттың құрылысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес жүргізілді. Кәсіпорында әлемдік стандарттар бойынша иммунобиологиялық препараттар, оның ішінде коронавирустық инфекцияға, тұмауға, туберкулезге, бруцеллезге, нодулярлық дерматитке және басқа да инфекциялық ауруларға қарсы вакциналар шығару жоспарланған.
- Бұл зауыттың стратегиялық маңызы зор, сондықтан жұмыс сапасына және белгіленген мерзімде іске қосуға баса назар аудару қажет. Бұл орайда барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдардың үйлесімді жұмысы қажет. Зауыт өндірістік тәжірибенің (GMP) халықаралық стандарттарына сәйкестендіріледі, — деді Бердібек Сапарбаев.
Қордай ауданындағы жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ҚР Қорғаныс министрі, Генерал-лейтенант Нұрлан Ермекбаевпен бірге 40-шы «Отар» әскери жаттығу базасында «Армиялық халықаралық ойындар - 2020» шарасының ашылуы мен «Артиллериядан оқ ату шеберлері» әскери байқауына қатысты. Онда біздің елімізбен қатар Әзірбайжан, Иран, Сирия, Вьетнам, Ресей, Беларусь, Тәжікстан, Өзбекстан мемлекеттерінің әскери құрамалары бақ сынауда.
– Бүгінгі әскери байқау мемлекеттер арасындағы достыққа, әскери ынтымақтастыққа жол ашады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде әскери саланың қуаттылығын арттыруға айрықша назар аударуда. Мұнда әскерилер өз шеберлігін шыңдайды. Әр жыл сайын байқау ережесі жаңа талаптармен толығып, жаттығудың тың түрлеріне басымдық берудеміз. Байқауға қатысушы үміткерлер өз елінің намысын қорғау үшін, өзіне жүктелген сенімді ақтауға күш салады деген сенімдеміз. Бұл – достықтың, бейбітшіліктің жарысы. Барлық командаларға сәттілік тілеймін,– деп атап өтті Қорғаныс министрі.
Жеті жыл ішінде Армиялық халықаралық ойындарға қатысушы елдердің саны 17 мемлекеттен 44-ке дейін екі еседен аса артты. Конкурстардың барлық кезеңі қазіргі заманғы шынайы ұрыс жағдайына барынша жақындатылған. Салтанатты шарада халықаралық байқаудың лауреаты Қарақат Бажанова және өзге де әншілер әскери және патриоттық әндерден шашу шашты. Әскери жарыстың алғашқы кезеңінде ел намысын қорғаған мина атқыштар тобы сәтті өнер көрсетті. Жарыстың бас төрешісі – генерал-майор Асқар Жоламанов. Әскери байқау 2 қыркүйекке дейін жалғасады. Онда қатысушылар «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета», «Артиллериялық оқ ату» деп аталатын сынақтар бойынша жеке және командалық есепте өнер көрсететін болады. Байқау қорытындысында жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталып, марапатталады.
Автор
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Келесі мақала