Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев тараздықтардың талап-тілегін тыңдады
- авторjambylinfo.kz
- 27 маусым, 2024
- 397
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті. Аймақ басшысы азаматтардың мәселелеріне құлақ түріп, бақылауға алды, деп хабарлайды jambylinfo.kz.
Бас жоспарға сәйкес қалада ауқымды жобалар мен нысандардың құрылысын жүргізу көзделіп отыр.
Атап айтқанда, Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешені салынады деп күтілуде. Қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болатын кешеннің құрылысы 2025-2027 жылдары аралығында жүргізіледі.
Бүгінде қала аумағында 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы іске асуда. Бұдан бөлек, 53 көпқабатты тұрғын үйді күрделі жөндеу, 11 тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Биыл 76 көшені жарықтандыру бойынша жұмыстар қолға алынды. Сонымен бірге 10 шағынаудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулалары мен кіреберіс жолдары толық жарықтандырылды.
Бүгінгі күні 65 бірлік автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қаланың автобус паркі 60 су жаңа қоғамдық көлікпен толығады. 3 жаңа бағыт ашылып, 75 аялдама орнатылады.
Сондай-ақ жалпы ұзындығы 68,6 шқ құрайтын 118 көше, 18 шқ жаяу жүргіншілер жолы орташа жөндеуден өтеді. 200 көшеге шағал төселеді. Биыл қала көшелері мен шағын аудандардың ішкі жолдарын ағымдағы жөндеуге көңіл бөлініп отыр.
Қазір 7 мектептің құрылысы жүргізілуде. Оның төртеуі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында пайдалануға беріледі.
23 мыңнан астам тараздықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту көзделуде.
Қаланы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 2,6 млрд теңге бөлініп отыр.
Облыс әкімі әлеуметтік желі қолданушылары мен тұрғындарды толғандырып жүрген сауалдарды назарға ала отырып, Тараз қаласы әкімі мен орынбасарларынан нақты жауаптар алды.
Ербол Қарашөкеев шаһарда тұрғын үйге, жылуға, көшелер мен жарықтандыруға қатысты мәселердің барын айта келе, оларды шешу үшін уақыт пен қаржы қажеттігін атап өтті.
"Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау, олармен кері байланысқа шығу – біздің басты міндетіміз.Мысалға, биыл жарық жүргізіп, жолды жөндеп, келер жылы көшені қайта қазып, жылу мен су құбырларын тарту ақылға қонбайды. Осы бір мәселеге көңіл бөліп, нақты жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуы тиіс", - деген Ербол Қарашөкеев қала әкімдігіне халықтың жоспарланған жобалар мен іске асырылатын мерзімінен хабардар болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Бұл азаматтар арасында түсінбеушілік пен келеңсіздіктердің қалыптаспауына ықпал етеді.
Аймақ басшысы қалада тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдейтін зауыт салу бойынша нақты шаралар қабылдаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен бірге өнеркәсіптің дамуы, инвестиция тарту, бағаны тұрақтандыру, жастарды жұмыспен қамту, қылмыстың алдын алу және қаңғыбас ит-мысықтарды аулау мәселесіне де көңіл бөлді.
Сұрақ-жауап бөлімінде тараздық тұрғындар негізінен көшелерді асфальттау, жарықтандыру, жол белгілерін орнату, балалар ойын алаңшасын салу, ауыз су мен арық жүйесін ретке келтіру, қоғамдық көліктердің қатынауына қатысты сауалдары мен ұсыныстарын білдірді.
Ербол Қарашөкеев пен Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков барлық сауалдарға нақты жауап берді. Көтерілген мәселелер қараусыз қалмай, арнайы іс-шаралар жоспары әзірленетін болады.
Кездесуден кейін облыс әкімі қала тұрғындарына жеке қабылдау жүргізді.
Айта кетейік, өткен жылы өңірдегі барлық деңгейдегі әкімдер 1600-ден астам кездесу, оның 62-і облыс әкімінінің төрағалығымен ұйымдастырылды. Онда көтерілген 4 371 мәселенің 3 152 орындалып, 1 219 бақылауға алынған. Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да жалғасын тауып жатыр.
jambylinfo.kz
Jambylinfo.kz- Әлемдегі және еліміздегі соңғы жаңалықтар. Түрлі мәселелерден біздің ақпарат агенттігі арқылы хабарда болыңыз
Ұқсас жаңалықтар
«Ауыл аманаты»жобасы аясында 4 мыңнан астам жоба қаржыландырылды
- авторМағжан Орынбасар
- 21 желтоқсан, 2024