Жамбыл жаңалықтар

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жеңімпаз оқушылармен кездесті

Кездесуге 124 дарынды оқушы қатысты

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарының жеңімпаздарымен кездесті, деп хабарлайды jambylinfo.kz

Жамбыл облысындағы ізденімпаз оқушылар республикалық «Зерде» конкурсында 18 медаль иеленсе, «ProEco» экологиялық жобалар конкурсына қатысқан 3 оқушы да жеңімпаз атанған. Тізе берсе тізбек үзілмейді. Халықаралық байқауларда топ жарған жампоздар да бар. Осындай жетістіктерді облыс әкімі өз сөзінде атап өтті.

Ғылыми жобалардан бөлек, Абай, Мағжан, Ілияс, Әбіш оқулары сынды байқауларға биыл 89 оқушы қатысып, оның 53-і жеңімпаз атанған. Облыс әкімі кездесуге қатысып отырғандар арасында мектеп бітіруші 37 түлек барын атап өтіп,  олардың грант иегері атануына тілектестігін білдірді. Осы орайда шетелдің оқу орындарына грант жеңіп алған түлектер де бар.

Бұдан соң облыс әкімі дарынды оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Кездесу барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев дарынды жастарға алғыс айтып, 100 мың теңгенің сертификатын сыйлады. Ал, жеңімпаз оқушыларды дайындаған 11 мұғалімге «Құрмет» грамоталарын тапсырды.