Облыс әкімі Мәжіліс депутаттарымен кездесті
Облыс әкімі Мәжіліс депутаттарымен кездесті
Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аймаққа жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депуттары Мейрамбек Төлепберген, Назиля Раззақ, Гүлдара Нұрымова, Ильяс Буларовпен кездесті. Аймақ басшысы халық қалаулыларына облыстың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, облыс әкімі қаңтар айындағы жаппай тәртіпсіздіктердің салдарын жою, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке жол бермеу, әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша қолға алынған шаралар жөнінде де жан-жақты тоқталып өтті. Тараптар жастар тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі, қоғамдық тұрақтылыққа қатысты бірқатар өзекті мәселелерді талқылап, ойларымен бөлісті.
Айта кетейік, құрамына еңбек ардагерлері, зиялы қауым, БАҚ, этномәдени бірлестік өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер, қоғам белсенділері енетін «Қоғамдық қабылдау» тобы ұсталғандардың және олардың жақындарының өтініштері мен шағымдарына жіті көңіл бөліп, өзекті мәселелерге айрықша назар аударуда. Олардың тарапынан зорлық-зомбылық жөнінде арыз-шағым түспеген. Өз кезегінде мәжіліс депутаттары да бірқатар мәселелерді көтеріп, «Қоғамдық қабылдау» тобының жұмысының маңыздылығына көңіл бөліп, оң бағасын берді. Облыстағы жұмыс сапары кезінде халық қалаулалылары ұсталғандармен және олардың жақындарымен кездесіп, жағдайларымен танысатын болады.