Облыс әкімі Наурызнама онкүндігінің «Жаңару» күніне орай Таразда тал екті
Шара аясында Рысқұлбеков паркінде 605 көшет отырғызылды
Наурызнама онкүндігінің «Жаңару» күнінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай шаһардағы Рысқұлбеков паркінде көшет екті, деп хабарлайды jambylifo.kz
Сонымен қатар, ауқымды шараға қала тұрғындары мен ерікті жастар, ардагерлер қатысып, қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосты. Салынғанына 50 жылдан асқан саябақтағы талдар бүгінгі күні қурай бастаған. Сондықтан бүгінгі рәсімнің маңызы айрықша. Паркте жалпы саны 605 түп көшет егілді. Оның ішінде 55 бөрте гүл, 24 шырша болса, қалғаны қара ағаш өскіндері. Осылайша саябақтың тамырына қайта қан жүгіргендей болды.
Мерекелік рәсімге жиналған ардагер қариялар жастарға «Жаңару» күнінің мән-маңызын насихаттады. Ымырасыз істің өнбейтіндігін айта отырып, елді бірлікке үндеді. Бүгінгі күннің де басты мұраты осы. Шарада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қала тұрғындарын мерекемен құттықтап, игі іске ат салысуға шақырды. Нәтижесінде 600-ден аса көшет егілді.
Қала әкімі Бақытжан Орынбековтің сөзінше, биыл қалада 25 мың ағашқа минералды тыңайтқыштар берілмек. Бұл іспен ботаника институты айналысады. Мамандар талдарды дәрілеу жұмыстарын сәуір айында бастамақ. Сондай-ақ шаһар басшысы бүгінгі тал егу рәсімінің неге Қ. Рысқұлбеков паркінде өтіп жатқанын түсіндірді.