Облыста газбен қамтылу көрсеткіші 88,6 пайызға жетті
Облыста газбен қамтылу көрсеткіші 88,6 пайызға жетті
Өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облыстағы елді мекендердің газбен қамтылуы 88,6 пайызды құрады. Биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу көзделуде.Осы және газ тарату ісіне қатысты бірқатар мәселелер облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалында өткен жиында айтылды. Басқосуда филиал басшысы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
Аймақ басшысы аталған филиалмен өткен жылы бірқатар тірліктер тындырылғанын, әсіресе Қордай ауданында ауқымды жұмыст аратқарылғанын атап өтті. Дегенмен әлі де жүзеге асуы тиіс жобалар аз еместігіне, екі аудан орталығының «көгілдір отынсыз» отыруына назар аудартты.
Мұнан соң «ҚазТрансГазАймақ» АҚ Жамбыл өндірістік филиалының директоры Сәкен Исмайлов облыс әкімі алдында есеп берді. Филиал басшысының айтуынша, өткен жылы газды тұтыну көлемі 30 пайызға артқан.
Тараз қаласы мен 9 ауданға «көгілдір отын» кедергіссіз жетіп тұр. Қаратаудағы газ құбыры желісі күрделі жөндеуден өткен. Осы салада еңбек ететін жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға, әкімшілік қызметкерлердің жалақысы 20 пайызға өскен.
Былтыр 153 мың теңге айлық алатын жұмысшының жалақысы биыл 196 мың теңгеге жеткен. Жиында кәсіпорында қызмет ететін 74 адамға түрлі көмектер көрсетілгендігі айтылды. Мәселен, дауыл салдарынан үйлері қирап қалған 3 маманның баспаналарының жөнделуіне қажетті көлемде көмек берілген. Қызметкерлердің Қапшағай мен Бурабай сауықтыру аймақтарында қолжетімді бағамен демалып қайтуларына да мүмкіндік жасалған.
Жиында Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев, бірқатар басқарма басшылары, электр, жарыққа қатысты мекеме басшылары қысқаша пікір білдіріп, аталған филиалдың жұмысына ризашылықтарын жеткізді.
Жиынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қорытындылады.