Қолөнершілер фестивалі: Таразда ауқымды гала-концерт өтті
Ұлттық мұраны дәріптеуді мақсат еткен бұл фестиваль биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр
Бүгін Тараз қаласында «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты IV халықаралық фестивальдің алғашқы күні қорытындыланды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Көне Тараз тарихи-этно мәдени кешені аумағында өткен мерекелік бағдарлама аясында қала тұрғындары мен қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылды. Сахна төрінде Қоңыр тобы, HasSak, Наркенже Серікбаева және жергілікті өнерпаздар өнер көрсетіп, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Сонымен қатар, фестивальге қатысушы шеберлердің қолөнер бұйымдары ұсынылған сән көрсетілімі көпшілік назарын аударды.

Айта кету керек, ұлттық мұраны дәріптеуді мақсат еткен бұл фестиваль биыл төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстан сынды елдерден келген жалпы саны 33 қолөнерші қатысуда.
Екі күнге жоспарланған шара ертең, яғни 24 сәуірде де жалғасады. Келесі күні Көркемсурет галереясы ғимаратында кәдесый өнімдерінің жәрмеңкесі мен қолөнершілердің шеберлік сабақтары өтпек.